Қазақстанда жастар арасында «Water in aul» атты экологиялық жоба қолға алынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жастар арасында «Water in aul» атты экологиялық жоба қолға алынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде "Женский луч" қоғамдық бірлестігінің директоры Оксана Волкова-Михальская мәлім етті.
None
None

«Гранттық бағдарламаның аясында «Женский луч» бірлестігі жастар арасында үлкен экологиялық жобаны бастады: жастар үшін үлкен «Water in aul» атты республикалық байқау өткізіледі. Ол жастардың ойлап тапқан су үнемдеу технологияларын ауылдық жерлерге енгізуге бағытталып отыр. Бұл жоба қарапайым халықты су үнемдеуге қатысты жасалып жатқан істермен таныстыру үшін де таптырмайтын жоба», - деп атап өтті О. Волкова-Михальская.

Оның сөзі бойынша, байқауға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

«Біз жас буынға басымдық береміз. Олардың жаңа технологияларға деген бейімін ескеру қажет», - деді ол.

Байқау төрт аталым бойынша өтпек. Біріншісі - «жасыл» бизнес жоба. Онда жас буын 1,3 млн. теңге көлемінде грант ұтып, ауылдық жерлерде су үнемдегіш технологияларды орнату бойынша өзінің бизнесін аша алады.

Байқаудың екінші бағыты білім беру мекемелерде және әлеуметтік нысандарға «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған. Грант көлемі - 300 мың теңгені құрайды.

«Үшіншісі - білім беру жобасы. Оның қаржылық көлемі - 150 мың теңге. Ол грант аясында жастар су үнемдегіш нысандардың макеттерін жасай алады. Төртіншісі - «ҚР балалар үйіндегі жасыл технологиялар» жобасы. Яғни ол жетімдер үйінің балаларына арналған «жасыл» технологиялар бойынша», - деп атап өтті О. Волкова-Михальская.

«Water in aul» байқауының ақтық сыны Астанада мамыр айында өтпек.

Байқаудың басты әлеуметтік демеушісі - Қазақстанның еріктілер альянсы. 

Соңғы жаңалықтар