Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда жеке дерегі таралған азаматтарға міндетті түрде хабар беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жеке деректердің таралуы анықталса, бұл туралы енді тек уәкілетті органға емес, деректері жария болған азаматтың өзіне де міндетті түрде хабар беріледі. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев айтты.

жеке дерек
Фото: freepik.com

— Енді жеке деректердің таралуы анықталған жағдайда бұл туралы тек мемлекетке ғана емес, азаматтың өзіне де хабарлау көзделіп отыр. Бұл ұйымдардың жауапкершілігін арттырып, адамдарға өз деректерін қорғау үшін дер кезінде шара қабылдауға мүмкіндік береді, — деді вице-министр.

Оның айтуынша, дербес деректерді қорғауға қатысты жаңа нормалар «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңға енгізілген.

Сондай-ақ ірі көлемде дербес деректерді өңдейтін операторлардың арнайы тізілімі құрылмақ. Бұл мұндай ұйымдарға қойылатын ұйымдастырушылық және техникалық талаптарды күшейтіп, олардың қызметіне бақылауды жетілдіруге мүмкіндік береді.

Досжан Мұсалиевтің айтуынша, енгізілген өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғау деңгейін арттырып, цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Айта кетейік, бұған дейін мамандар азаматтарды жеке деректерін қорғауға мұқият болып, заңсыз пайдаланылған жағдайда дереу құзырлы органдарға жүгінуге шақырған еді.