Қазақстанда жеңілдетілген ипотеканың үлесі 85%-ға жетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда берілген жаңа ипотекалық қарыздардың көлемі 438 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3%-ға көп.

Ислам ипотекасы
Фото: Kazinform

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәліметіне сәйкес, нарықтың өсіміне негізінен жеңілдетілген ипотека көлемінің ұлғаюы әсер еткен.

— Жаңадан берілген несиелердің жалпы өсімін толықтай «Отбасы банк» қамтамасыз етті. Банк несие беру көлемін өткен жылмен салыстырғанда 54,3%-ға арттырып, 347,5 миллиард теңгеге жеткізген. Мемлекеттік бағдарламалар ауқымының кеңеюі нарықтық ипотекаға теріс әсер еткен факторлардың зардабын жоюға мүмкіндік берді. Мәселен, қазіргі таңда банктердің қымбат қорлары, жоғары базалық мөлшерлеме мен реттеушілік шектеулер салдарынан қарапайым нарықтық шарттармен берілетін ипотека көлемі 53,6%-ға қысқарды, — деді сарапшылар.

Осы үрдіс аясында мемлекеттік бағдарламалардың нарықтағы маңызы бұрынғыдан да күшейе түскен. Егер бір жыл бұрын жаңадан берілген несиелердің 73,9%-ы жеңілдетілген ипотекаға тиесілі болса, бүгінде бұл көрсеткіш 85,1%-ға жеткен. Өз кезегінде екінші деңгейлі банктердің ипотека нарығындағы үлесі 14,9%-ға дейін қысқарды.

Сонымен қатар елде ипотекаға деген сұраныс біртіндеп бәсеңдеп келеді. Банктерге түскен өтінімдер саны 20,7%-ға азайып, 192 мың болған — бұл соңғы екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткішке тұрғын үй бағасының өсуі, халықтың нақты табысының қысқаруы, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын пайдалану жолының қиындауы әсер еткен.

Одан бөлек нарықтың құрылымы да өзгеріп келеді. Көлемі үлкен ипотекалық несиелердің үлесі артып келеді. Мәселен, сомасы 20 миллион теңгеден асатын қарыздардың үлесі 30%-дан 37%-ға өссе, 10 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелердің үлесі 22%-дан 17%-ға дейін азайған.

Еске салайық, 2027 жылға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері өзгеріссіз қалады.