Түркістан облысында 950 келіден астам есірткі тәркіленді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 294 дерек анықталды. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Тіленшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, анықталған деректердің 103-і қылмыс болса, 191-і теріс қылық санатына жатады.
– Оның ішінде есірткі сату бойынша 18, аса ірі көлемде есірткі сақтау бойынша 9, есірткі контрабандасына қатысты 13 дерек анықталды. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндіретін бір зертхананың қызметі тоқтатылды. Арыс қаласында анықталған жасырын зертханадан 1,5 тонна прекурсор және шамамен 480 келі сұйық түрдегі «мефедрон» тәркіленді. Жалпы заңсыз айналымнан 953 келі 145,58 грамм түрлі есірткі заты алынды, – деді Арман Тіленшин.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда жүргізілген рейдтер барысында есірткі және психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта тұтынған 330 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш айда есірткі өсімдіктерін заңсыз егуге қатысты 60 дерек анықталды. Нәтижесінде 17 974 түп, жалпы салмағы 802 келі 932 грамм есірткі өсімдігі жойылды.
Ресми мәліметке сәйкес, өңірде дәрілік заттарды босату талаптарын бұзғаны үшін 20 әкімшілік хаттама толтырылып, 4 млн 411 мың 500 теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Сондай-ақ «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 28 материал тіркеліп, 26 әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұған дейін Түркістан облысында ауласына қарасора еккен тұрғын ұсталғанын хабарлаған едік.