Қазақстанда жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай цифрлық база құрылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қазақстандағы жер учаскесі мен жылжымайтын мүлікке қатысты барлық мәліметті цифрлық платформадан табуға болады. 

айти, цифр, онлайн
Фото: primeminister.kz

«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» (ЖМБМК) ақпараттық жүйесі елімізде сәуір айынан бастап енгізіліп, қазан айынан толық іске кірісті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, цифрлық базада, мәселен, жер учаскесінің орналасқан жерін, нақты шекараларын, оған қойылған шектеулерді (шектеу, кепіл, сервитут), меншік тарихын, кадастрлық құнын, картадағы орны мен құрылыстардың бар-жоғын білуге болады.

- Бұрын жылжымайтын мүлік туралы ақпарат әртүрлі ұйымдарда, қағаз архивтерде, ескі сызбаларда сақталатын. Қажетті деректерді табу үшін бірнеше мекемені аралауға тура келетін. Азаматтар ондаған анықтама жинауға мәжбүр болатын: алдымен әкімдікке, содан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына, одан қала берді жер қатынастары бөліміне бару керек еді. Көп жағдайда бірнеше апта күтуге тура келетін. Енді мұндай қажеттілік жоқ — деректерді жылдам, дәл және онлайн форматта алуға мүмкіндік бар. Қазір барлық мәлімет бір жерде — ЖМБМК ақпараттық жүйесінде топтастырылған. Бұл ақпарат жер сатып алатындарға, үй салатындарға, құжат ресімдейтін азаматтарға және кәсіпкерлерге аса қажет, - дейді Ержан Қарымсақов. 

Департамент басшысының айтуынша, цифрлық база арқылы жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын тексеріп, құжаттарының дұрыстығына көз жеткізуге болады. Бұл алаяқтықтан қорғануға қосымша мүмкіндік. Өйткені электрондық мәліметтерді қолдан жасау қағаз құжаттарға қарағанда әлдеқайда қиын.

- Мемлекеттік органдар да елдегі барлық жер учаскелері туралы нақты ақпарат алады. Бұл рұқсаттарды жедел беруге, жерді әділ бөлуге, құжаттардағы қателерді болдырмауға, қалалар мен ауылдардың дамуын жоспарлауға мүмкіндік береді. Құрылыс салушылар учаскелер туралы деректерді жедел алады, банктер ақпаратты тексере алады, нотариустар қосымша құжат жинамай-ақ мәмілелерді рәсімдейді. Ақпараттық жүйесі үнемі жаңартылып отырады: жаңа карталар, сервистер, басқа мемлекеттік деректер базаларымен интеграциялар енгізіліп жатыр. Бүгінгі күні осы қызмет бойынша 199 өтініш қаралды, - дейді Ержан Қарымсақов.

Бұған дейін жылжымайтын мүлік объектілеріне мекенжай беру ережесі өзгеретінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар