Қазақстанда жол апатынан болатын өлім-жітім 7,8%-ға төмендеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жол-көлік оқиғалары саны артқанына қарамастан, жарақаттар мен жол апаттарынан болатын өлім көрсеткіштері төмендеп келеді.

аурухана
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл туралы академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысов Денсаулық сақтау министрлігіне 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша есеп беру кезінде айтты.

Орталық мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда жазатайым оқиғалардан, уланулар мен жарақаттардан болатын өлім көрсеткіші 8,5%-ға төмендеген.

Ал жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 7,8%-ға азайған.

Сонымен қатар елде жол апаттарының саны өсіп келеді. Өткен жылы Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Ведомство мәліметінше, негізгі бағыттардың бірі – жарақаттанудың алдын алу. Қазір мемлекеттік органдармен бірлесіп 2026-2030 жылдарға арналған жол-көлік оқиғалары салдарын төмендету жөніндегі ведомствоаралық жоспар жүзеге асырылып жатыр.

Осы жұмыстар аясында жол апаттары жиі болатын қауіпті учаскелердің цифрлық картасы әзірленуде.

Сондай-ақ Қазақстанда өңірлік травматологиялық қызмет күшейтіліп жатыр.

Елде өңірлік травматологиялық орталықтар құру жалғасуда. Пилоттық жобалар Астана, Алматы және Балқаш қалаларында іске асырылып жатыр.

Бұдан бөлек, өңірлерде жаңа бейінді бөлімшелер мен травмпункттер ашылуда.

Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі жоғары технологиялық ортопедиялық орталықтардың біріне айналған. 2025 жылы мұнда 10,7 мыңнан астам операция жасалған.

- Олардың қатарында роботтандырылған эндопротездеу, нейронавигация қолданылатын операциялар, 3D-импланттар мен жасушалық технологияларды пайдалану арқылы жасалған күрделі оталар бар.

Орталық медициналық туризмді дамытуға да басымдық беріп отыр, - деді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы ортопедиялық операциялардың құны шетелдік клиникалармен салыстырғанда бірнеше есе арзан, ал емдеу сапасы халықаралық стандарттарға сай келеді.

2025 жылы орталық медициналық туризмді дамытуға арналған халықаралық форум өткізіп, оған 13 елден делегаттар қатысқан.

Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлер Өзбекстан тарихында алғаш рет MAKO жүйесі арқылы роботтандырылған операция жасаған.

Қазір Астанада орталықтың жаңа заманауи корпусын салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, ІІМ былтыр жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім 9,7%-ға төмендегенін мәлімдеді.