Қазақстанда ЖОО-ларды лигаларға бөлу керек – Президент

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары оқу орындарын лигаларға бөліп, бәсекелестікті арттыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда ЖОО-ларды лигаларға бөлу керек – Президент

«Біліктілік талаптарын күшейту арқылы педагогикалық мамандықтар бойынша кадр даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің бейімденуін қамтамасыз ету қажет. Жалпы, мұғалімдер арнайы университеттерде оқытылып, әзірленуі керек», - деді Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің онлайн форматтағы 3-отырысында.

Президент бұл бағытта Білім және ғылым министрлігінің тиісті шешім қабылдарына сенім білдірді.

Негізінде, университеттеріміздің футболдағыдай шартты түрде лигаларға бөлінуін қолдаймын. Өйткені футболдағыдай 1,2,3 лигаларға бөлініп, бір-бірімен жарысып, бәсекелесе алар еді. Жалпы алғанда білім беру, экономика немесе басқа да салаларда бәсеке қарқынды дамуға жол ашып, ынталандыра түседі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтті. Кезекті отырыс адами капиталды дамытуға, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мәселелеріне арналған.