Қазақстанда жүкті әйелдердің 90% пренаталдық скринингпен қамтылған
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Денсаулық сақтау министрлігі ПІБ Медициналық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Дені сау ұрпақ — ұлт болашағы» пренаталдық медицина мамандарының II Халықаралық конгресі өтті, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.

Конгрестің жұмысы үш бейінді секция форматында өтті: «Медициналық генетика: скринингтен дәл диагностикаға дейін», «Пренаталдық ультрадыбыстық диагностика. Пренаталдық медицинаның қазіргі аспектілері» және «Балалардың денсаулығын сақтаудағы мультидисциплиналық тәсіл». Секциялық отырыстар медициналық генетикадан бастап неонаталдық хирургияға дейінгі әртүрлі бағыттағы мамандарды жинады.
ҚР Парламентінің сенаторы Нұртөре Жүсіп қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, елдің болашағы жас ұрпақтың денсаулығына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Конгреске Ресей, Украина, Чехия, Испания, АҚШ және Болгариядан келген халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Роза Батаева, Павел Галда, Мария дель Мар Хиль, Елена Синьковская, Петя Чавеева және басқалар бар.
Қонақтар қазақстандық мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін және пренаталдық диагностика мен терапиядағы озық тәсілдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
Спикерлер туа біткен кемістіктерді ерте анықтау, ұрықтың даму ауытқуларын диагностикалаудың заманауи әдістері, сондай-ақ Қазақстандағы ұрық және неонаталдық хирургияның жетістіктері туралы баяндамалар жасап, тәжірибелерімен бөлісті, бірегей клиникалық жағдайларды талдады.
Жұмыс қорытындысы бойынша қарар қабылданды, онда елдегі пренаталдық медицинаны одан әрі дамыту бағыттары, сондай-ақ кәсіби қоғамдастықты нығайту және инновациялық технологияларды практикаға енгізу жөніндегі іс-шаралар көрсетілген.
— Генетикалық аурулар мен туа біткен кемістіктерді ерте анықтау үшін «Бір күндік клиникалар» 15 перинаталдық орталық базасында ашылды, 70 мыңнан астам жүкті әйел зерттеп-қараудан өтті. Жүкті әйелдерді пренаталдық скринингпен қамту 2024 жылы 90%-ға жетті. Бір күндік клиника жобасын енгізу нәтижесінде ұрықтың ТДК анықталуы 13%-ға өсті, өмірмен үйлесімсіз ТДК бар балалардың тууы 7%-ға төмендеді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Осыдан бұрын елімізде нәресте мен ана өлімі азайғаны хабарланды.