Қазақстанда жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды мәжбүрлеп тарату осы жылдың бірінші тоқсанында аяқталады - Д. Ерғожин
АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанда жұмыс істемей тұрған кәсіпорындарды мәжбүрлеп тарату осы жылдың бірінші тоқсанында аяқталатын болады.
Бұл туралы бүгін Астанада он-лайн конференцияның барысында Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті, деп хабарлайды Қазақпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Салық кодексінде жұмыс істемей тұрған кәсіпорындардың қызметіне қатысты арнайы бап бар, онда белгілі бір критерийлер қарастырылған. Оған сәйкес, 2010 жылғы қаңтардың 1-гі жағдай бойынша есепте тұрған, яғни салықтық есепті ұсынбаған, қайта тіркелу процедурасынан өтпеген, экспорттық-импорттық операцияларды жүзеге асырмаған кәсіпорындар таратылатын болады. Бұл жұмысты Салық комитеті бірінші жарты жылдықтың ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.