Қазақстанда жүрекке арналған препараттың бірі кері қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Германиялық компания өндіретін «Изоптин» препаратының тіркеу куәлігі Қазақстанда кері қайтарылды.
Шешімге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы қол қойды. Бұйрық қол қойылған күннен бастап күшіне енді.
Препаратты кері қайтару «Абботт Қазақстан» компаниясы өкілдігінің өтініші негізінде жүзеге асырылды. 2026 жылғы 9 ақпандағы № 89-НҚ бұйрыққа сәйкес, аталған дәрілік затты енді еліміз аумағында айналымға жіберуге және қолдануға болмайды.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті аумақтық бөлімшелерге бір жұмыс күні ішінде жергілікті денсаулық сақтау органдарын, тіркеу куәлігінің иесін және мемлекеттік сараптама ұйымдарын хабардар етуді тапсырды.
Айта кетейік, Павлодар облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары аулада нашақорлардың толып кеткеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған сол жерде орналасқан дәріхананың кейбір препараттарды заңсыз сатуы себеп болып отыр.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев елордадағы тіс емханада 3 жасар сәбидің мерт болуына байланысты «Севоран» препаратын қолдану мәселесі қайта қарала ма деген сауалға жауап берді.
Оған қоса, дамыған елдерде тиімділігін дәлелдеген дәрілік заттарға жеңілдетілген тіркеу рәсімі енгізілетіні айтылды.