Елімізде жүргізушілерді тексеру цифрландырылады
АСТАНА. KAZINFORM — 25 тамыздан бастап жүргізушілерге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Енді 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтеді. Сондай-ақ жол қозғалысы ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандар теориялық емтиханды қайта тапсырады. Өзгерістердің негізгі мақсаты — қолданыстағы талаптарды цифрландырып, жол қауіпсіздігін күшейту.
Мамандардың айтуынша, міндетті медициналық тексеру бұрыннан бар талап. Алайда енді оның орындалуы толық автоматтандырылады. Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктерінің ақпараттық жүйелері біріктіріліп, жүргізушілер туралы мәліметтер электронды түрде алмасады. Соның арқасында көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтарды анықтау және жүргізуші куәлігінің мәртебесін бақылау автоматты түрде жүзеге асады.
— Норма 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін ІІМ Денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жолдап, қарсы көрсетілімі бар азаматтардың тізімін алып, әр құжатты жеке зерделейтін. Содан кейін ғана жүргізуші куәлігінің күші тоқтатылатын. Енді бұл процесс екі ведомствоның ақпараттық жүйелері арқылы толық цифрландырылып отыр, — деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Оның сөзінше, жаңа жүйе жүргізушілер үшін рәсімді күрделендірмейді. Азаматтар бұрынғыдай 073 медициналық анықтамасын алады, тек енді оны медициналық ұйым электронды жүйеге өзі енгізеді.
— Ешкім жүргізуші құқығынан айырмайды. Тек уақытында медициналық тексеруден өту қажет. Егер азамат ескерту алғанына қарамастан тексеруден өтпей көлік жүргізсе, бұл әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі, — деді маман.
Сонымен қатар өзгерістер жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге де қатысты. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 153-бабына сәйкес, қайталанатын немесе өрескел құқық бұзушылық жасаған азаматтар теориялық емтиханды қайта тапсыруға міндеттеледі. Егер жүргізуші екі ай ішінде емтихан тапсырмаса, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылады.
— Автокөліктерге кедергі келтіргендерге немесе көше-жол қиылысында апаттық жағдай туғызған жүргізушілерге теориялық емтихан тапсыру туралы хабарлама жіберіледі. Ал алкогольдік масаң күйде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жағдайда бұрынғыдай сот шешімімен сегіз жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады. Егер мұндай құқық бұзушылықты жүргізуші куәлігі жоқ адам жасаса, оған сегіз жыл бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салынады, — деді Ақтоты Боранова.
Бұған дейін адам саудасының құрбаны болған 15 адамға көмек көрсетілгенін жазған едік.