Еліміздегі автокөлік нарығы: бағалар мен болжамдар
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл қазақстандықтар 205 мыңнан астам автокөлік сатып алды, ал желтоқсан айында бұл көрсеткіш тағы 5 мыңға артады деп болжанған. Алайда бұл көрсеткіштердің артында автокредиттер бойынша қарыз мөлшерінің көбеюі, көлік бағасының төмендеуі, қытайлық өндірушілер бәсекелестерін ығыстырып, өз позицияларын жылдам күшейтуі тұр.
Ішкі нарықтан келген белгі
Қазақстандағы автосалондарда жаңа көліктердің жарықтары жаңа жыл шамдарын елестетеді. Сатушылар «минус миллион» сынды даңғаза акциялармен сатып алушыларды тартуда. Қараша және желтоқсан айларының нақты деректері әлі шыққан жоқ, алайда дәл осы айлар автонарықтың тарихи рекордты жаңартқан-жанартпағанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, жыл соңында барлығы 210 мың көлік сатылуын көрсетуі әбден мүмкін.
Алайда өсімнің артынан бәсеңдеу де жылдам келуі ықтимал. Авто сарапшысы Эдуард Эдоков соңғы екі жылдағы қарқынды өсімнің біртіндеп баяулап жатқанын айтады.
— Нарық тірі, бірақ бұрынғыдай қызу емес. Халық «осы несиені көтере аламыз ба? деп ойлана бастады, — дейді ол.
Бұл үрдіс әсіресе 10-12 млн теңге аралығындағы жаппай сегментте анық байқалады. Осы санат кредиттік талаптардың өзгерістеріне ең сезімтал санат.
Қаржы шарттары — нарықтың басты тежегіші
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18%-ға дейін өсуі автонесиелердің құнын тікелей арттырып отыр. Банктер скорингті күшейтіп, қарыз алушыларға қойылатын талаптарды қатаңдатып жатыр. Бұл өз кезегінде көлік алуға ниеттілердің мүмкіндігін шектейді.
Сарапшының айтуынша, ашық дереккөздерде автонесиелер бойынша мерзімі өткен қарыздардың көбейіп жатқаны туралы мәліметтер көріне бастады. Несие төлемінің өсуі, қымбаттауы және беру мүмкіндігінің төмендеуі нарықтың сұранысын азайтып отыр.
Бұрыңғыдай «кредитке ала салу» жеңілдігі жоғалды. Енді қаржы талаптары баға мен сұраныстың негізгі реттеушісіне айналды.
Қазақстанда көлік арзандай ма?
Автосалондардағы жеңілдіктерге қарамастан, негізгі сұрақ өзгермейді: ірі автоөндірушілер Қазақстанда көлік бағасын объективті түрде төмендете ала ма?
Эдуард Эдоковтың айтуынша, толық циклді зауыт салу — бірнеше жылдық жұмыс пен кем дегенде 500 млн-1 млрд доллар инвестицияны талап етеді. Ал бұл қаржы 5-10 жылда өтелуі тиіс.
Экономикалық тиімділік тек 200-300 мың авто өндірген жағдайда ғана пайда болады. Ал бұл бүкіл нарықтың есепке алғанның өзі 200 мыңнан сәл асырып отырған, жергілікті өндіріс 50-70 мың шамасында шығатын Қазақстан нарығы үшін мүмкін емес.
— Ауқым артқан сайын шығын азаятын негізгі қағида бар. Кореяда Hyundai жылына 1 млн көлік жасайды, бізде — 50 мың. Мұндай жағдайда бір көліктің өзіндік құны бірдей болуы мүмкін емес, — дейді сарапшы.
Сондықтан отандық автоөнеркәсіп он жылдан астам уақыт бойы субсидиялар, жеңілдетілген кредиттер мен утильалым арқылы өмір сүріп келеді.
Халықаралық тәжірибе — маңызды сабақ
Мәселен, Австралияда нарық көлемі жылына 1 млн көліктен асса да, үкімет 30 млрд доллар құйған Toyota, Ford және GM автозауыттары қосымша демеу қаржы тоқтағанда жабылып қалған.
— Олар 150 мың авто өндірісімен шыдай алмаса, Қазақстан жағдайын елестетіп көріңіз, — дейді Эдоков.
Еуропалық және америкалық брендтердің өзіндік құны жоғары, логистикасы қымбат. Кейбір маркалар тіпті нарықтан кетуі мүмкін.
Ал Қытай брендтері керісінше үлесін өсіріп келеді. 2025 жылы олардың нарықтағы үлесі 50%-ға жетуі ықтимал.
— Қытайлықтар нарықты жаулап алу үшін екі жыл тегін қызмет етуге дайын. Оларда логистика арзан және өндірісі ауқымды, — дейді сарапшы.
Баға өсімі жалғасады, бірақ жеңілдіктер сақталады
Жаңа көліктердің құны кем дегенде тағы 10% өседі деген болжам бар. Жоғары мөлшерлеме, салықтық жүктеменің артуы және жалпы белгісіздік нарықтағы сұрнысты тежеуі мүмкін.
Соған қарамастан, өндірушілер жеңілдік, бөліп төлеу несиелерін беруді жалғастырады. Оның бір бөлігін шын мәнінде дилерлер өз қалтасынан жабады.
— Автонарық қазір ритейл моделін барған сайын көбірек қолдана бастады. Бір тауарды клиентті тарту мақсатында өз құнымен сатып, ал қалғандарын әдеттегі үстемемен сатады, — деп қорытындылады сарапшы.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ақауы бар жаңа автокөліктерге қатысты проблемалар қалай шешіліп жатқанын жазған едік.