Қазақстандағы автоөнеркәсіп қанша табыс әкеледі немесе отандық көлікке сенім бар ма

АСТАНА. KAZINFORM – Автоөнеркәсіп – ел экономикасындағы қарқынды дамып келе жатқан бағыттың бірі. Kazinform тілшісі саладан түсетін табыс пен отандық көлік өндірісінің тиімділігін саралап көрді.

Машина жасау саласы жарты жыл ішінде 11,1% өсім көрсетті
Фото: ortcom.kz

Экономикадағы автоөнеркәсіп үлесі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың I жартыжылдығында машина жасау саласындағы автомобиль өнеркәсібінің үлесі 40,9%-ға, ал өңдеу саласы – 7,28%-ға жетті. Салыстырар болсақ, 2018 жылы автомобиль өнеркәсібінің үлесі – 19,2%, өңдеу саласы – 1,98% еді. Демек, алты жыл ішінде автоөнеркәсіп 2,1 есеге, ал өңдеу өнеркәсібі 3,7 есеге жуық өсті деген сөз.

Қазақстанда 8 көлік зауыты бар

  1. «СарыарқаАвтоПром» (Қостанай) – жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техникалар шығарады.
  2. «Hyundai Trans Kazakhstan» (Алматы) – жеңіл автомобильдер шығарады.
  3. «Hyundai Trans Auto» (Алматы) – жүк көліктерін, автобустар мен арнайы техникаллар құрастырады.
  4. «СемАЗ» (Семей) – жүк көліктері мен арнайы техникалар өндіреді.
  5. «Daewoo Bus Kazakhstan» (Семей) – автобустар шығарады.
  6. «КамАЗ-Инжиниринг» (Көкшетау) – жүк автомобильдері, автобустар және арнайы техникалар шығарады.
  7. «QazTehna» (Саран қаласы, Қарағанды облысы) — автобустар мен жүк көліктерін шығарады.
  8. «Уральскагрореммаш» (Орал) — жүк автомобильдері мен арнайы техникалар шығарады.

Өндірушілердің дерегінше, өткен жылы 145 мың көлік шығарылған. Тағы да 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, көлем көп – 2018 жылы 32 мың көлікпен шектелгенбіз, 2021 жылы 93 мың көлік шықты. Демек, алты жыл ішінде статистика 4,5 есе ұлғайса, 2021 жылғы көрсеткіштен 56%-ға артық.

АЗТМ
Фото: aztm.kz

Алматы-Қостанай: жаңа зауыттар салаға серпін бере ме?

Биыл екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған:

  1. Алматыдағы CHANGAN, Chery және GWM автомобильдерін әзірлейтін, жылына 120 мың автокөлік шығаратын мультибрендтік зауыт. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың ІІІ тоқсаны.
  2. Жылына 70 мың автокөлік шығаруға мүмкіндігі бар Қостанайдағы KIA зауыты. Іске қосу мерзімі – 2025 жылдың IV тоқсаны.

Бұдан өзге нарықтағы жеке компаниялар да өндіріс көлемін тоқтатқан жоқ. Демек, аталған сегментке бизнес тарапынан қызығушылық жоғары.

Жұмыс орындары мен әлеуметтік әсер

Өткен жылы автоөнеркәсіп саласына 6,5 мың адам жұмысқа орналасты. Биыл жыл ортасына қарай мұндағы жұмыс орындарының саны 7,6 мыңға ұлғаюы мүмкін. Алматы мен Қостанайдағы екі зауыт іске қосылса, қосымша 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ.

Бұл ретте экономикалық ерекшелікті айта кету жөн. Автоөнеркәсіптегі бір жұмыс көзі бірнеше қызметке бөлінеді – логистика, қызмет көрсету, сауда секілді бірнеше бағыт қосылады.

салық
Фото: Kazinform

Салық түсімі

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың І жартыжылдығында елдегі 8 автоөндіруші бюджетке 16,9 млрд теңге төлеген. Бұл – салық және міндетті төлемдер.

Салық түсімі:

  • 2024 жылы – 36,2 млрд теңге;
  • 2023 жылы – 47,5 млрд теңге;
  • 2022 жылы – 27 млрд теңге болды.

Салық мөлшері жыл санап құбылғанымен, саладағы түсім бюджеттің тұрақты табысына айналып отырғанын жасыра алмаймыз.

машина
Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы

Жаңа көліктер құны

«Қазақстан Автокөлік Одағы» ЗТБ дерегіне сенсек, биыл маусым айында Қазақстандағы жаңа автокөліктер нарығы төмендегідей қалыптасқан:

  • седандар – 7,3 млн теңгеден басталады, орташа баға – 11,1 млн теңге;
  • кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктер – 7,3 млн теңгеден басталады, орташа баға – 16,8 млн;
  • минивэндер – 11,6 млн теңгеден басталады, орташа баға – 18,9 млн теңге.

Автокөліктің ақырғы құны көлікке таңдалған жиынтыққа байланысты өзгеретінін ескеру керек. Автокөлік сарапшысы Алексей Алексеевтің айтуынша, Қазақстандағы жаңа көліктердің баға диапазоны 7-23 млн теңгенің шамасында, ал орташа нарықтық құны 13 млн теңгеге жуық.

Сонымен қатар «Қазақстан Автокөлік Одағы» ЗТБ президенті Анар Мақашеваның айтуынша, Қазақстанда зауыттан шығарылғанына 20 жылдан асқан 2,5 млн автокөлік жолда жүр. Олардың көпшілігі замануи қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға сай келмейді. Осыған байланысты мемлекет әлемдік тәжірибеге сүйеніп, автопаркті жаңарту тетігін қарастыруға көшкен.

көлік
Фото: Kazinform

Қазақстанда автокөлік шығару тиімді ме?

Анар Мақашева автоөнеркәсіп салық үшін ғана сүйкімді емес, сала ретінде де берері көп деп отыр. Жұмыс орнын құру, аралас сегменттерді дамыту, замануи технологияларды енгізу, мамандардың біліктілігін арттыру секілді қадамды жетілдіруге сеп болады деген ойда.

– Өндіріс көлемінің өсуі елдің ЖІӨ-не тікелей әсер етеді. 2025 жылдың 7 айында өнеркәсіп өндірісінің индексі 118,6%, машина жасаудағы автоөнеркәсіптің үлесі 40,7% болды. Оның үстіне, бұл – тікелей инвестиция көзі: өткен жылдың өзінде 189,8 млрд теңге түсті. Демек өндірістің дамуы модельдік желілерді жаңартуға, инфрақұрылымды дамытуға, саланы өрістетуге мүмкіндік береді, – деді Анар Мақашева.

Сарапшы салаға инвесторлардың қызығушылық танытып жатқанын ерекше меңзеді. Айтуынша, инвесторлардың көмегімен жаңа кәсіпорындар ашылып, көлік бөлшектері жергілікті өндіріс орындарында әзірленеді. Соңғы технологиялық жаңалықтар да ене бастаған.

Анар Мақашева автоөнеркәсіп саласы саудаға қарағанда, шығыны жоғары, пайдасы уақытты талап ететін бизнес екенін айтып отыр. Мұндағы табыстың басты кілті өндіріс көлеміне тәуелді.

– Автоөнеркәсіптегі инвестиция өтеуі ұзақ уақыт алатын инвестиция санатында. Бастысы, уақыт керек. Ал тұрақты өткізу нарығы қалыптасса, мемлекет үшін де, инвесторлар үшін де тиімді, – деп қосты ҚАО президенті.

Алексей Алексеев те осы мәндес ойда. Ол Қазақстандағы автокөлік өндірісі ел экономикасы үшін тиімді екеніне келіседі, алайда бизнес үшін пайдасына күмәнмен қарауда. Себебі салаға көп капитал қажет әрі оның қай кезде ақталатынын нақты айту қиын.

– Автозауыттарды құру және дамытуға өте көп инвестиция қажет. Оған қоса өндірушілердің нақты қанша табысын табуы мүмкін екенін ешкім дөп басып айта алмайды. Саладағы табыс туралы мәлімет ашық дереккөздерге жарияланбайтындықтан, қаржылық көрсеткішті объективті бағалау оңай емес, – деп қосты ол.

сапа
Фото: Kazinform

Сапа мен отандық өндіріс деңгейі

Қазақстан нарығындағы барлық автокөлік – елде шығарылғаны да, сырттан әкелінгені де – ЕАЭО-ның техникалық регламенттерінде белгіленген қауіпсіздік талабы мен технологиялық нормасына сәйкес келуі тиіс. Осы ретте Анар Мақашева отандық зауыттарда сапаны бақылаудың көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті: өндірістің әрбір сатысы тексеріледі, жеке бақылау бөлімі жұмыс істейді, ал дайын автокөліктер нарыққа шығар алдында сынақ циклынан өтеді.

– Зауыттарда технологиялық процестің сақталуын қадағалайтын және тұрақты инспекция жүргізетін бренд өкілдері болады. Оның үстіне мемлекеттік қалауына орай техрегламент талаптары қатаңдайтын тұсы бар. Мысалы, егер апат саны көбейсе, қауіпсіздік бойынша міндетті опциялар енгізіледі, қауіпсіздік жастығының саны ұлғаюы мүмкін. Егер экология назарда болса, жанар-жағармайға және автомобильдердің экологиялық класына қатысты норма күшейеді. Мұндай тәжірибе басқа мемлекеттерде де кеңінен қолданылады, – деп толықтырды Анар Мақашева.

Қазір ең маңыздысы отандық автоқұрамдауыш базаны қалыптастыру болып отыр. Нақтырақ айтсақ, көлік бөлшектерінің неғұрлым көп бөлігін отандық өндірушілердің шығаруна жағдай жасау керек. Аталған бастама көлік құрастырумен шектелмей, отандық көлік өндірісін жетілдіруге көмек береді. Бұл қадам мемлекет үшін – инвестициялық-технологиялық өсім, инвестор үшін – шығындарды азайту мен нарықты кеңейту жолы, ал тұтынушы үшін – жаңа мүмкіндік пен қолжетімді автокөлікке бастар мүмкіндік.

Автокөлік эксперті Алексей Алексеев қазақстандық автокөлектің сапасына қатысты тұтынушы көзқарасы өзгергенін жеткізді. Әдепкіде көлік алуға ниетті азаматтарда отандық өнімге деген күмән болған, алайда уақыт өте зауыттардан шыққан көлік сапасы пікірді өзгерткенге ұқсайды. Оның сөзінше, отандық көліктер халықаралық стандартқа сәйкес келеді әрі брендтердің шетелдік зауыттағы өнімдерімен бәсекеге түсетін дәрежеде.

Бұрын хабарлағанымыздай, биыл машина жасау саласында отандық автокөлік көлемі 149 мыңға дейін артады – өткен жылдан 5%-ға жоғары.

2025 жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі салаға қатысты қаулы қабылдады. Оған сәйкес қазақстандықтар жаңа немесе ескі автокөлікті сатып алу үшін несие алған кезде борыштық жүктеме коэффициенті (КДН) есептелмейді.

Соңғы жаңалықтар