Қазақстандағы ластанған ауа қатерлі ісік пен туабітті ауруларды көбейтті − сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – «ESGQ рейтингтік агенттігі» ЖШС төрағасының кеңесшісі Гүлмира Исмағұлова 2005-2023 жылдар аралығында еліміздің 20 өнеркәсіптік орталығы бойынша ауаның ластану индексін ұсынды.

Оның айтуынша, бұл жылдары және қалаларда ластанған ауа халық денсаулығына, әсіресе жүкті әйелдерге, құрсақтағы сәбилерге, қарттарға едәуір зиян келтірді, науқастардың жағдайын нашарлатты және мезгілсіз өлім-жітімге әкеп соқты.
− Әсіресе ең нашар жыл – 2018 жыл болды. Одан кейін де Қарағанды, Теміртау, Астана, Алматы, Жезқазған және Ақтау қалаларында жағдай ушыға түсті. Қатерлі ісік, туабітті ақаулар, дені сау бала көтере алмау секілді аурулар бірден емес, жинақталған әсер салдарынан жүре келе пайда болды. 2018 жыл ең лас жыл ғана емес, қатерлі ісік пен туабітті аномалиялар бойынша ең қолайсыз жыл болды, − деді Г. Исмағұлова Сенатта өткен Экологиялық кодекс нормаларының іске асырылуы туралы Үкімет сағатында.
Ал 2021 жылға көз жүгіртсек, карантиннің алынуынан кейін қатерлі ісік аурулары тағы да күрт арта түскен.
− Сондықтан мен осы жерге ауаның ластану деңгейінің нормадан тұрақты түрде асуы – баяу жарылатын бомба іспеттес екенін ескерту үшін келдім. Бұл ұлттың гендік қорын жояды. Сондықтан ең озық қолжетімді технологияларға көшу мәселесінде тегеурінді болуға шақырамын.
Суды ішпес бұрын сүзгіден өткізуге болады, ал ауамен ондай мүмкіндік жоқ. Біз ауамен тыныстаймыз, ал онымен бірге өкпеге және қанға уытты заттар мен канцерогендер енеді. Олар тез шаршауға, ойлау қабілетінің нашарлауына, қатерлі ісікке, бедеулікке, қант диабетіне, демікпеге және басқа да көптеген ауруларға әкеп соғады, − дейді сарапшы.
Спикердің айтуынша, ШҚО-да соңғы бес жылда қатерлі ісік ауруы 25%-ға, Алматыда 23,5%-ға, Түркістан облысында 22%-ға артты. Денсаулық сақтау саласының, уақытылы диагностика мен білікті емнің арқасында Қазақстанда қатерлі ісіктен өлім-жітім айтарлықтай азайды. Алайда, 2005-2023 жылдары тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітім артқан.
Сондай-ақ, Атырау облысында тыныс алу органдары ауруларынан болатын өлім-жітім 3,2 есеге, СҚО мен Ақтөбе облысында – 2,6 есеге артты.
Бұған дейін сенатор Әли Бектаев Қазақстанда бірқатар қалада ауаның ластану деңгейі жоғары күйде қалып отырғанын айтқан еді.
Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ірі кәсіпорындардың негізгі міндетіне түсінік берді.