Қазақстандағы «Лукойл» активтері: министрлік АҚШ-қа хат жолдады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Энергетика министрлігі АҚШ-тың Қаржы министрлігі жанындағы Шетелдік активтерді бақылау жөніндегі басқармасына (OFAC) «Лукойл» компаниясының Қазақстандағы жобаларының үлесін сатып алуға қатысты хат жолдады.

«Лукойл» согласился продать свои зарубежные активы компании Gunvor
Фото: Anadolu Ajansı

Айта кету керек, былтыр күзде АҚШ санкциясына түскен «Лукойл» компаниясы өзге елдердегі үлесін жаппай сататыны хабарланды.

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет активтерді сатып алу бойынша «Лукойл» компаниясына ұсыныс жасамағанын мәлім етті.

Бірақ ол Қазақстанның компанияның үлесін сатып алуда басым құқығы бар екенін еске салды.

— 2025 жылдың аяғында «Лукойлдың» Қазақстандағы активтері сатылған жағдайда, заңда көрсетілгендей, бұл үлесті сатып алуға басым құқығымыз бар екенін мәлімдеген едік. Энергетика министрлігі тиісті хатты OFAC-қа жолдады, - деді министр. 

Осы орайда ведомство басшысы оның үлесін сатып алудың түрлі нұсқасы бар екенін нақтылады. 

— Сатып алу кезінде міндетті түрде қолма-қол төлем жасау міндетті емес. Акциялар пакетін сатып алудың әртүрлі жолдары бар, соның ішінде төлемді кейінге қалдыру немесе шикізатты сатудан түсетін кіріс арқылы есептесуге болады. Көптеген нұсқа бар және олардың барлығын қарастыру мүмкіндігі бар, - деді Ерлан Ақкенженов.

Еске салсақ, Энергетика министрінің орынбасары Санжар Жәркешов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында санкцияға түскен «Лукойлдың» Қазақстандағы жобалары туралы пікір білдірген еді. 

Соңғы жаңалықтар