Қазақстандағы ірі сауда орталықтарына металл детекторларын орнату ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрлігі бөлшек сауда нысандарына қатысты терроризмге қарсы шараларды күшейтуге қатысты бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынды.
Ведомство «Ашық НҚА» порталында «Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілерін және террористік тұрғыдан осал ішкі сауда объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы № 366-НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Сауда және интеграция министрі бұйрығының жобасын жариялады.
Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес әзірленген.
Жоба халық көп жиналатын ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында терроризмге қарсы қорғау шараларын күшейтуге бағытталған.
Жобаға сәйкес, ауданы 10 000 шаршы метрден асатын ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының иелері мен басқарушылары терроризмге осал нысандарда қауіпсіздік қызметтерін көрсетуге лицензиясы бар ұйымдармен қауіпсіздік қызметі туралы келісімшарттар жасасуға міндетті.
Құжатта сондай-ақ ғимараттардың инженерлік және техникалық қауіпсіздігіне, кіруді бақылау жүйелеріне және бейнебақылауға қойылатын талаптар көрсетілген. Ауданы 10 000 шаршы метрден асатын сауда және ойын-сауық орталықтары келушілерді тексеру құрылғыларымен - портативті және стационарлық металл детекторларымен жабдықталуы тиіс. Бұл техникалық құралдар Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №611 Жарлығына сәйкес террористік қауіп деңгейін анықтау үшін пайдаланылатын болады.
Бұл түзетулердің қабылдануы күн сайын көп адам келетін ірі сауда және ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздігін жақсартады, ықтимал тәуекелдерді азайтады және ішкі саудадағы терроризмге қарсы қауіпсіздік жүйесін нығайтады.