Қазақстандағы тасқын жаһандық жылыну әсерінен болды — Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір тек Қазақстан емес, тұтас жаһан мазасыз. ҚХР Гуандуң провинциясын тасқын су жайлап, ел экономикасына 19 млн доллар шығын келді. Көршілес Қырғызстанда да су адуынды мінез танытып, үш өңірінде ТЖ жарияланды. Кенияда да алапат тасқын болып, 11 мыңнан астам тұрғын үй-жайсыз қалды.

Үндістанда құмды дауыл, Біріккен Араб Әмірліктерінде — нөсер, Оман елінде — жаңбырдың соңы тасқынға ұласты.
«Қазгидромет» РМК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев мұның себебін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстыруда.
«Жаһандық климаттың өзгеруі — бірінші кезекте ауа температурасының жоғарылауын, жауын-шашынның көбеюін және осындай қауіпті табиғи апаттардың жиілеуі мен қарқынды болуын да білдіреді. Осы күндері болып жатқан әлемдегі құбылыстардың барлығын климаттық өзгерістің сипаттамасы ретінде қарастыруға болады», — деді Н. Абаев 10 республикалық арнада көрсетіліп жатқан телемарафонда.
Сонымен бірге, спикер Қазақстандағы тасқын — жаһандық жылынудың әсері екенін атап өтті.
«Мысалы, биыл қыста болған жауын-шашын, қыс мезгілінің жылы болуы — жаһандық жылынудың бір көрсеткіші. Көптеген әлемдік ғалымдардың болжауынша және үлкен климаттық модельдердің есептеуінше, жаһандық жылыну осы ғасырдың 2100 жылына дейін де жалғасады. Алайда мұның қарқыны әртүрлі және адамзаттың іс-әрекетіне тікелей байланысты болмақ. Яғни, бірнеше мемлекет мақұлдаған Париж келісіміне қол жеткізбесек, осы ғасыр соңына дейін Жер шарының орташа температурасы да жоғарылай түседі. Оған байланысты қауіпті құбылыстардың саны да, жиілігі де арта түседі», — деді ол.
Париж келісімінде көрсетілген межелерге сай іс-шара қабылдап, жаһандық жылынудың қарқынын бәсеңдетсек, осы ғасыр соңына қарай климат қалыпты жағдайына аз да болса жақындайды.
«Әлемге әлі де қауіп бар. Мысалы, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжауынша, 2030 жылға дейін Жер шарының орташа температурасы 1,5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін», — деп толықтырды «Қазгидромет» маманы.
Айта кетейік, су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны Jibek Joly арнасында жалғасып жатыр.
5 сағаттық тікелей эфирде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.