Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда туризм саласы соңғы жылдары экономиканың маңызды бағыттарының біріне айналып келеді. Мемлекет туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріп, ұлттық парктердегі жол, инженерлік желі және сервистік нысандар мәселесін шешуге кірісті.

туристік бағыттыар
Коллаж: Kazinform/ ЖИ көмегімен жасалған

Ұлттық парктердегі инфрақұрылым мәселесі қалай шешіліп жатыр?

ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжановтың айтуынша, бұған дейін экотуризм саласында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға заңнамалық кедергілер болған.

Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар
Фото: Видеодан алынған кадр

— Ұлттық парк аумағында инфрақұрылым салу үшін жер учаскесін әкімдік балансына өткізу қажет еді. Бұл ұзақ уақытты әрі қосымша шығындарды талап ететін. Өткен жылдан бастап заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді әкімдіктер ұлттық паркпен келісу арқылы сол аумақта инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеп, құрылыс жүргізіп, кейін оны күтіп ұстай алады, — деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, мұндай тетік Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағында қолданылған. Атап айтқанда, жол жөндеу, электр желілерін тарту және интернетпен қамту жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда туристер жиі баратын өңірлердегі жол мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Соның бірі — Көлсай көлдеріне апаратын жол.

— Бұған дейін бұл аумақта жол мәселесі күрделі болды. Қазір әкімдік 9,9 шақырым жолды жөндеу мәселесін пысықтап жатыр, — деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар Жетісу және Абай облыстарының арасындағы Алакөлдің оңтүстік және шығыс жағалауын байланыстыратын Жалаңашкөл маңындағы жолды жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Басым туристік аймақтар анықталды

Нұрбол Байжановтың айтуынша, қазіргі таңда мемлекет туризмді дамытуда бірнеше басым бағытқа ерекше назар аударып отыр.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы тау кластеріне, Маңғыстау облысына және Бурабай курорттық аймағына басымдық беріліп отыр. Осы бағыттар бойынша республикалық деңгейде кешенді жоспарлар әзірленді, — деді ол.

Комитет төрағасының міндетін атқарушы жаз мезгілінде сұраныс жоғары болатын негізгі туристік өңірлерді де атады.

— Қазір негізгі туристік аймақтар ретінде Алматы облысындағы Қапшағайды, Абай және Жетісу облыстарындағы Алакөлді, Қарағанды облысындағы Балқашты, Ақмола облысындағы Бурабайды және Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауын атап өтуге болады. Сонымен қатар Баянауыл, Зайсан және Қатон-Қарағай бағыттарының да әлеуеті жоғары, — деді Нұрбол Байжанов.

Оның сөзінше, туристік аймақтардағы инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.

— Мысалы, Алакөл жағалауында көптеген мәселе шешімін тапты. Электр желісі тартылды, сумен қамту мәселесі реттелді. Биыл кәріз жүйесін толық аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жағалауды бекіту мәселесі ғана өзекті болып тұр, — деді ол.

Туризмге салынған инвестиция 1,2 трлн теңгеден асты

Соңғы жылдары туризм саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Министрлік мәліметінше, бұл көрсеткіш 1,2 трлн теңгеден асқан.

— Елдегі туризмнің даму қарқыны 20-30 пайыз аралығында. Инвестицияның негізгі бөлігі орналастыру орындары мен қоғамдық тамақтану нысандарына бағытталып отыр. Себебі сұраныс бар және мемлекет тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Нұрбол Байжанов.

Нұрбол Байжановтың айтуынша, қазір Қазақстанда 4,5 мыңға жуық орналастыру орны бар. Жыл сайын олардың саны орта есеппен 170-180 нысанға көбейіп келеді. Бұл жұмыспен қамту көрсеткішіне де оң әсер етіп отыр. Министрлік туризмге инвестиция салып отырғандардың басым бөлігі — отандық кәсіпкерлер екенін айтады.

Туристік аймақтарда шешімін күткен мәселелер көп

Мемлекет туризм саласында бірқатар жұмыстарды атқарып жатқанымен әлі де шешілмеген түйіткілді мәселелер аз емес. Сарапшы-заңгер Рауан Қалиевтің пікірінше, Алакөл жағалауында ондаған жылдан бері қордаланған мәселелер қиындық тудырады.

Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар
Фото: Видеодан алынған кадр

— Бұл тек Алакөлге ғана емес, еліміздегі көптеген туристік аймаққа тән жағдай. Байланыс пен интернеттің сапасы, қоқыс шығару, кәріз сулары, жағажайларды бекіту мәселелері өте өзекті, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, туристік аймақтарға келетін инвесторлар қаражатының қайтарылатынына және қауіпсіз жұмыс істей алатынына сенімді болуы қажет.

— Мысалы, жағалауды қорғаудың өзіне 20 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Сондықтан туристік аймақтарды дамытуға бұдан да көбірек көңіл бөлуіміз керек, — деді ол.

Сарапшы тарихи және туристік нысандарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру мәселесін де көтерді.

— Жақында ғана Маңғыстаудағы жерасты мешітіндегі вандализм фактісі, Алматы облысындағы петроглифтерге жазу жазып кеткен жағдайлар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұлар — біздің тарихи құндылықтарымыз. Шетелдік туристер дәл осындай орындарды көру үшін келеді. Сондықтан әр азамат мұны түсінуі керек. Алдымен өзіміз құрметтей білуіміз қажет, — деді Рауан Қалиев.

Ол сондай-ақ жергілікті әкімдердің рейтингін туристік нысандарға бөлінген қаражат пен іске асқан жобалардың нәтижесіне қарай бағалау қажет деп есептейді.

— Мысалы, Ұлытау облысында әлем қызығатын тарихи орындар өте көп. Соның бірі — Жошы хан кесенесі. Алайда ол жерге жету қиын, интернет сапасы да төмен. Бұл да шешуді қажет ететін мәселе. Қатон-Қарағайдағы ірі туристік орталықтарға кірген кезде сол өңірге тән пантокрин, бал, шырша жаңғағы сияқты жергілікті өнімдер сатылмайды. Сол сияқты Жошы хан кесенесіне барған туристің естелік ретінде алып кететін қарапайым магнитінің өзі жоқ. Ал турист үшін мұндай дүниелердің маңызы зор, — деді сарапшы.

Ауыл туризміне қызығушылық артып келеді

Nomad саяхатшылар клубының негізін қалаушы Алмас Таңғытұлы ауыл туризмінің әлеуеті жоғары екенін айтады.

Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар
Фото: Видеодан алынған кадр

— Біздің ұйымның құрылғанына 11 жыл болды. Бұл — коммерциялық жоба емес. Негізгі мақсатымыз — Қазақстанды таныту. Біз үшін саяхат тек аралау емес. Әр сапарда белгілі бір ауылды немесе шағын қаланы таныстыруға, жолдарды көрсетуге, туристік карталарға енгізуге тырысамыз. Сондай-ақ жолдағы кедергілер туралы ақпаратты үш тілде таратып отырамыз. Ауыл туризмі — туризм саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірі. Бірақ мәселе де аз емес, — деді ол.

Алайда бұл бағытта да бірқатар мәселе бар. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының өз үйінде турист қабылдауына қатысты заңдық кедергілер кездеседі.

— Мысалы, ауылдағы тұрғындардың өз үйінде турист қабылдауына қатысты заңдық кедергілер бар. Қазір осы мәселені шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен ең үлкен мәселе ауыл адамдарының өз көзқарасында сияқты. Көпшілігі тұрмыс жағдайынан ұялады. «Әуелі үйімді жөндеп алайын, содан кейін ғана қонақ қабылдаймын» деп ойлайды. Сонымен бірге тексеріс, салық мәселелерінен де қорқады. Егер осы мәселелер шешілсе, ауыл туризмінде үлкен жетістікке жетуге толық мүмкіндік бар. Себебі әлемде қонақ күтуді арнайы үйретсе, қазақ халқы үшін бұл — қанымызға сіңген қасиет. Ауыл адамдарының бойында табиғи қонақжайлық бар. Сондықтан осы бағытты дамытуға әлеуетіміз жетеді деп сенемін, — деді саяхатшы.

Қазақстан нишалық туризмге бет бұруы керек

Саяхатшы-журналист Жұлдыз Рахметтің пікірінше, ішкі туризм міндетті түрде арзан болуы керек деген түсініктен арылу қажет.

Қазақстандағы туризм: инфрақұрылым, инвестиция және жаңа бағыттар
Фото: Видеодан алынған кадр

— Біз нишалық әрі сапалы туризм бағытына ұмтылғанымыз дұрыс. Қазақстанның табиғи ерекшелігі өте сирек кездеседі. Мысалы, көктем мезгілінде шетелдік турист екі аптаның ішінде елімізде жылдың төрт мезгілін қатар сезіне алады. Алматыда әлі шаңғы тебуге болса, Шымкентте қызғалдақтар гүлдеп жатады, ал Маңғыстауда теңізге түсуге мүмкіндік бар. Осындай ерекшелікті біз жеке туристік бағыт ретінде қалыптастыра аламыз, — деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстан экологиялық туризм мен этнотуризмді қатар дамыту арқылы халықаралық туристерге ерекше тәжірибе ұсына алады.

— Қазір әлемде экологиялық туризм трендке айналып отыр. Қазақстан бұл бағытты дамытуға өте қолайлы мемлекет. Егер оған этнотуризмді қоссақ, халықаралық туристерге мүлде жаңа тәжірибе ұсына аламыз. Ал экологиялық туризм арзан болуы тиіс емес. Керісінше, бізге 100 доллар төлейтін 100 туристен гөрі, 1000 доллар төлейтін 20 турист қабылдау тиімдірек. Сонда табиғатқа түсетін салмақ азаяды әрі экономикалық пайда көбірек болады, — деді Жұлдыз Рахмет.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Алайда ол үшін инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, сервис сапасын арттыру, тарихи мұраларды қорғау және туристік мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де баса назар аудару қажет.

Айта кетейік, биыл елімізде бірнеше туристік бағыт жаңарып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға беріледі.