Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандағы жол апаттарының 91%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады — Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының саны 5%-ға азайды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Павлодарда жол апатынан екі адам көз жұмды
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Ведомствоның хабарлауынша, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар алғашқы нәтижесін көрсетіп отыр.

— Негізгі жетістіктердің бірі — 2025 жылдың қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар жолдардағы апаттылық деңгейінің төмендеуі. Жол-көлік оқиғаларының саны 5%-ға қысқарды. Бұл бағыттағы жұмыстар Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр, — деп атап өтті Көлік министрлігінен.

Министрлік мәліметінше, жол апаттарының себептеріне жүргізілген талдау олардың басым бөлігі жүргізушілердің тәртібіне байланысты екенін көрсеткен.

Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жүргізушілердің жолдағы тәртіпті сақтамауынан болады.

Осыған байланысты негізгі бағыттардың бірі ретінде жылдамдық режимін бақылау күшейтілуде.

— Орташа жылдамдықты тіркеу жүйесі бүгінде 2 мың шақырым ақылы автомобиль жолында енгізілді. Нәтижесінде аталған учаскелерде жол апаттарының саны 15%-ға төмендеді, — деп хабарлады ведомстводан.

Айта кетейік, Жетісу облысында жыл басынан бері 500-ден астам жол апаты тіркелді.