Қазақстандағы биоэтанол өндірісінің болашағы қандай немесе астықты отын өндіру үшін пайдаланған дұрыс па?
Бүгінде биоотынды өндіру рыногы барынша кеңейіп келеді. Себебі уақыт өткен сайын өсіп, дамып келе жатқан қоғам жанар-жағар майдан гөрі адамға да табиғатқа да пайдалы отын түрін пайдаланғанды дұрыс көреді. Осы тұрғыдан, алғанда биоэтанолды өндіруге әсіресе дамыған мемлекеттері басқа құрлықтармен салыстырғанда әлдеқайда көп Еуропа аса ықыласты көрінеді. Әрине дамыған елу елдің қатарына енеміз деп құлшынып отырған мемлекет ретінде аталмыш отын түрін өндіруге деген Қазақстаннның да ынта-ықыласы Еуропа елдерінен кем емес. Қазақстан биоэтанолды өндіру ісіне экспортқа бағытталған тауар ретінде басымдық беріп отыр. Бұл мәселеге еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған сұхбатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ерекше тоқталып, былай деген еді. «Біз қазір биологиялық отынды өндіре бастадық. Біздің топжарғыш технология деп жүргеніміз осы. Біз тек осы жол арқылы ғана ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізе аламыз. Біз соңғы уақытта осы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша күш салып, оның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне үлкен қолдау көрсетіп отырмыз. Қазір әлем елдерінің барлығы мұнай мен газдан өзге отын түрлерін ойлап табуға тырысуда. Егер сіздер байқасаңыздар, соңғы уақытта қанттың бағасы өсе бастады. Өйткені ол қазіргі таңда биоэтанол өндіруге жұмсалып жатыр. Сондықтан біздің елімізге де бұрынғыдай қант қызылшасын өндіру ісін қолға алу қажет. Қазір биоэтанолға деген сұраныс өте үлкен. Сондықтан да ол ауыл шаруашылық саласын дамытудың ерекше жолы болып табылмақ. Осы уақытта биоэтанол өңдейтін зауыт ТМД көлемінде тек Солтүстік Қазақстанда ғана бар. Алдағы уақытта елімізде тағы осындай екі зауыт салынады. Өйткені, бұл өте тиімді шара. Біріншіден биоэтанолдың бағасы өте жоғары. Сонымен қатар оны өңдеуге өсімдіктің кез-келген түрін қолдануға болады. Бұл өнімнің барлығы өңделіп, одан тек биоэтанол алынған соң одан қалған қалдық малға азық болады. Одан әрі қалдықтарды дәрі-дәрмекке пайдалануға болады. Осылайша кете береді», деген болатын Мемлекет басшысы.
Осыған орай қазір елімізде биоэтанолды өндірумен байланысты жүйелі шаралар жүзеге асырылуда. Айталық отын өндіретін екі зауыттың біреуі осы кездің өзінде іске қосылып жұмыс істеуде. Парламент депутаттары аталмыш отын түрін ендіруге байланысты құжаттарды да қарауда. Соған қарамастан қоғам арасында аталмыш отын бізге қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселе төңірегінде пікірталастар әлі де жалғасуда және бұған негіз де жоқ емес. Әрине биоэтанолдың қоршаған ортаға деген зиянсыздығы мен оған деген әлемдегі сұранысты ескеретін болсақ, бұл сөз жоқ талқылауға салуға болмайтын мәселе болып шығар еді. Алайда Қазақстанда өндірілгелі отырған биоэтанол басқа емес кәдімгі бидайдан алынбақ. Ал ас атасының тағам ретінде емес, отын ретінде пайдаланылуы қалың көпшілік арысында біршама таңданыс тудырғаны рас. Оның үстіне биоотын өндіруге деген сұраныс ерекше артатын болса, ауыл шаруашылығы саласы басым күшті осы биоотын өндірісіне салып, нанға зәру болып жүрмейміз бе деген қауіпте болған. Бұған уәж ретінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев биоотынның кәдімгі бидайдан емес, сапасыз бидайдан алынатындығын алға тартады. «Біз ауыл шаруашылығының болашағын ойлайтын болсақ, оның тиімді жолдарын іздестіруіміз қажет. Бүгінде Қазақстанды әлем ірі астық тасымалдаушы мемлекет ретінде таниды. Қазақстанның осы уақыттағы астық тасымалы бойынша экспорттық әлеуеті 10 миллион тоннадан асады. Осы уақытта елдегі биоотынға жіберілгелі отырған сапасыз бидайдың мөлшері толық көлемде жеткілікті. Оны тек көзін тауып пайдалану керек. Ал осы тиімді көздердің бірі биоэтанол өндірісі. Оның үстіне бұл әлемде сұраныс тудырып отырған отын түрлерінің бірі. Бұл ретте біз тек биоэтанол өнідірісіне ғана емес, бидайды мүмкіндігінше терең өңдеуге ден қойып отырмын. Біз бидайдан клейковина мен крахмалды алған соң ғана биоэтанол өндіруге жібереміз. Біз осы міндеттерді ойлағанымыздай атқара алсақ, бұл біз үшін өте тиімді болмақ. Осы жол арқылы біз еліміздегі жылда тонналап қалып жататын сапасыз бидайды кәдеге дұрыс жаратамыз», деді министр.
Министрлік өкілдері мен мамандардың осындай пікірлеріне қарамастан қазіргі таңда биоотынды өндіруге қатысты Парламент депутаттарының да әрқайсысы әрқилы пікір айтуда. Мысалы Сенатор Оралбай Әбдікәрімовтың пікірінше, биоотынды өндіру ісіне күмән тудырып отырған басты мәселелердің бірі оның болашақтағы пайдасы мен зиянының нақты көрсеткіштерінің нақтыланбағандығында. Оның интернет бетіндегі ақпараттарға сүйене отырып келтірген мәліметтері бойынша, қазіргі таңдағы күрт төмендеп отырған мұнай бағасы Батыс пен АҚШ-та биоотын өндіретін зауыттар мен өндіріс ошақтарының жұмыстарын тоқтатып тастады. Ал халықаралық сарапшылар биоотынды пайдалану барысында экологиялық жағдай керемет жақсарып кетпейтінін, ал егер оны өндіру және пайдалану барысында тиісті технологиялық талаптар дұрыс сақталмайтын болса, одан келетін пайдадан көрі зиян көп болатындығын алға тартуда.
Депутат Өмірбек Байгелдінің пікіріне сүйенсек, өзін-өзі толықтай дәлелдей қоймаған дүниеге қатысты мәселенің қасында үміт пен күдіктің қатар жүруі заңды. Бір жағынан қарағанда, нанды, яғни бидайды отынға жіберу дегеннің өзі ерсі әрекет сияқты. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы бар. Сенатордың пікірінше, соңғы жылдары еліміз астықтың болмай қалған кезінен көрі, болған кезіндегіден көп нәрседен ұтылып отыр. «Астық өндіру көлемі ендігәрі кемімейді. Керісінше барынша өсе береді. Келешекте біз көптеген ғылыми жетістіктер мен климаттың өзгеруіне байланысты астықты бұдан екі есе көп егетін боламыз. Бізде жер байлығы бар. Халқымыз негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сол уақытта біз біршама қиындықтарға ұшырауымыз мүмкін. Әлемнің көптеген аймағында тамақ жетпейді. Десек те оны жеткізіп беру мен пайдалану мәселесі қашан да өзекті болып тұрады. Сонымен бірге ерте ме, кеш пе, мұнай өнімдері таусылады. Адам баласы жаңа күш-қуат көздерін іздей бастайды. Сол көздердің бірі осы биоотын емес пе екен деген де ой келеді кейде. Егер біз бидайдың ең құнды дүниелерінің барлығын алып барып, оны отынға жұмсайтын болсақ, бұдан ұтарымыз көп. Қорыта айтқанда, бізге келешекті ойлау керек. Бидай көбейіп, мұнай өнімдері керісінше азайған заманға біз әжептеуір дайындықпен баратын болсақ, бұл біздің жетістігіміз болмақ», дейді Ө.Байгелді.
Айта кетейік, биоотын өндіру ісіне байланысты туындап отырған түрлі пікір қайшылықтарына байланысты бүгінде Парламент қабырғасында талқыланып жатқан «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы болашағының да бұлыңғырлау болып тұрған жайы бар.