15:41, 14 Қаңтар 2015 | GMT +5
Қазақстандағы халық саны 17 млн. 400 мың адамға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылғы 1 желтоқсанымен салыстырғанда халық саны 251 мың адамға өсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде 2014 жылда Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының статистикалық қорытындыларына арналған брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
«Өткен жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17 млн. 397 мың адамды құрады. 2013 жылғы 1 желтоқсанымен салыстырғанда халық саны 251 мың адамға немесе 1,5 пайызға өсті», - деді Ә. Смайылов.
Оның сөзіне қарағанда, туылғандар саны 368 мыңға жетіп, 1,6 пайызға артты. Ал қайтыс болғандар 120 мың адамды құрап, 4,7 пайызға төмендеді.
«Қаңтар-қарашада елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 15 185 адамды құрады. Ал елден кеткендердің саны 18,8 пайызға көбейіп, 26 869 адамды құрады»,-деді Ә. Смайылов.
Атап айтқанда, еліміздегі негізгі көші-қон бұрынғыдай ТМД елдері аясында сақталып отыр.