Қазақстандағы ірі бизнестің 2010 жылғы рейтингі ел экономикасының дағдарыстың терең фазасынан шыққанын дәлелдейді

Таратылған мәліметтерге қарағанда аталмыш рейтингке қатысушы компаниялардың жинақталған табысы 13 трлн. теңгеден асқан. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 25 пайызға, 2007 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық көрсеткіш. Мұндай өсім қарқыны «Әлемнің ең қауырт дамыған экономикасы» дәрежесін иемденуге мүмкіндік береді. Ernst&Young мәліметінше, осы дәрежені иемденуші мемлекеттер арасында бірінші орында - Қатар, екінші орында - Қытай, үшінші орында Қазақстан тұр. Ал өзімізде ұлттық экономиканың көшбасшысы ретінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры деп танылды. Оның табысы өткен жылы 3,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға көп. Сонымен қатар алғашқы ондық биыл «АрселорМиттал Теміртау» АҚ (8- орын) және «Қазмырыш» ЖШС (10-орын) сияқты алыптармен толықты. Экономиканың өзегі саналатын өнеркәсіп компаниялары өткен жылы өз табысын 37,3 пайызға ұлғайтқан. Дегенмен өсімнің басты драйверлері деп өнеркәсіптің өндіруші саласын айту керек. Әлбетте, оған әлемдік нарықтағы мұнай мен металдар бағасының өсуі әсер еткені анық. Рейтингтегі барлық компаниялардың жиынтық табысының шамамен 71 пайызы мұнай және тау-кен металлургия компаниялары үлесінде. Мұнайшылардың табысы 34 пайызға өсті. Елімізде өндірілетін бүкіл «қара алтын» көлемінің жартысынан көбі «Теңізшевройл» мен «Қазмұнайгаз» ҰК еншісінде. Әрі олардың үлесі жыл санап өсіп келеді. Ал тау-кен металлургия компаниялары өз табысын былтыр 47,7 пайызға арттырды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі табыс көлемі өткен жылы - 26,6 пайызға, көлік - 24,3, телекоммуникация 16,1 пайызға артты. Әзірге есін жинай алмай отырған құрылыс саласы. Былтырғы жылы құрылыс компанияларының табысы 11,4 пайызға төмендеген. 2007 жылдан бері осы құрылыс саласына байланған ірі банктердің де табысы айтарлықтай төмендегені белгілі. Алайда бұл жағдай екінші деңгейлі банктердің көтерілуіне мүмкіндік берді. Бүгінгі күні олар тұрақты өсімін сақтап отыр. Соңғы төрт жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің қаржы жүйесіндегі үлесі 8 пайыздан 15 пайызға өскен.