Қазақстандағы жалпы халық санында қазақтардың үлесі - 63,9 пайызды құрады-ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов
АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстандағы жалпы халық санында қазақтардың үлесі 63,9 пайызды құрады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 16 млн. 372 мың азамат өмір сүруде. Оның ішінде қазақтардың саны 10 млн.458 мың адамды құрады. Яғни, еліміздің жалпы халқының үлесінде қазақтардың саны 63,9 пайызға жетіп отыр.
Айта кетейік, бүгін ҚР Статистика агенттігі 2009 жылдағы Ұлттық халық санағының қорытынды толық мәліметтерін жария етті. Осы орайда агенттік басшысы Ұлттық санақтың мәліметтер базасын талығымен өңдеп, нәтижесін шығаруға қосымша 59 млн. теңге жұмсалғанын еске салып өтті. «Қазіргі кезде біз былтыр өткен екінші ұлттық санағының мәліметтер базасын өңдеу шараларын аяқтадық. Атап айтқанда, онда қайталанып кеткен мәліметтерді түзету бойынша елеулі жұмыстар атқарылды»,- деді Ә. Смайылов.