Қазақстандағы жас ғалымдардың арасында шет тілін жетік меңгеру жағынан ақтөбеліктер көш бастап тұр
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстандағы жас ғалымдардың 33,9 пайызы шет тілін жетік біледі. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен Жас ғалымдар кеңесінің «Қазақстанның жас ғалымдары: әлеуметтік бейнеге негіздеме» деп аталатын дөңгелек үстел жиыны барысында айтылды.
«Жас ғалымдардың 72,4 пайызының қазақстандық, 25 пайызының ТМД елдерінің, 10,6 пайызының алыс шет елдердің ғылыми басылымдарында жарияланған мақалалары бар. Шет тілдерін меңгеру көрсеткішін 33,9 пайызы жетік, 30,9 пайызы орташа, 25 пайызы жеткілікті деңгейде деп санайды», - дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Сымбат Болысбекова. Оның айтуынша, аймақтар бойынша тілді меңгерудің ең жоғары көрсеткіші Ақтөбеде тіркелді. Онда шет тілін жетік білетіндер 48,5 пайызды құрап отын. Алматы мен Астана қаласының жас ғалымдары да тіл меңгеру жағынан көшбасшылар қатарында келе жатыр. Шет тілін білмейтіндер арасындағы 16 пайыздық ең жоғары көрсеткіш Оралда тіркеліп отыр.