Джорджа Мелони: Қазақстан — Орталық Азиядағы маңызды әріптес

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы мен Италия Премьер-министрі елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы мен Италия Премьер-министрі елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия — Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

— Сізді Қазақстанда қарсы алу — біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарымызға тың серпін беруде маңызды, тіпті, шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Италия — Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз, — деді Тоқаев.

Өз кезегінде Джорджа Мелони бұл басқосу аймақпен қарым-қатынастағы тарихи сәт болатынын атап өтті.

— Сіздің еліңізге алғаш рет келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші «Италия — Орталық Азия» саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосу аймақпен қарым-қатынасымыздағы тарихи сәт болады деп ойлаймын. Қазіргі сындарлы кезеңде біз үшін барлық деңгейде ынтымақтастық орнату өте өзекті, — деді Италия Премьер-министрі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келген Италия Премьер-министрі Джорджа Мелониді елорда әуежайынан қарсы алғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар