Қазақстандық АЭС-те апат болған жағдайда кім жауапты болады

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова елімізде атом электр станциясын салу бойынша Астанада өткен қоғамдық тыңдау барысында болашақта қазақстандық атом станциясында апат болған жағдайда кім жауапты болатынын айтты.

 Гүлмира Мұрсалова
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, апат және ядролық залалдың ықтимал жағдайында азаматтық-құқықтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясы аясында қадағаланады. 

Ең алдымен, оны пайдаланумен айналысқан атом станциясының операторы жазаланады. Содан кейін лицензия берген тиісті қадағалау бақылау органы. Мемлекеттің өзі және технология жеткізушісі де жауапты. Соңғысы өнімдерінің қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс. 

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков әріптесін қолдап, апат ықтималдығы тым төмен екенін түсіндірді. 

«Қауіпсіздік туралы айтатын болсақ, атом станциялары бір-бірін толықтыратын белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Реактордың қалыпты жұмысынан шамалы ауытқудың бастапқы кезеңінде де кері байланыс бар, ол табиғат заңдарын қолдана отырып, оны қалпына келтіреді», - дейді Э. Батырбеков. 

Бұған дейін сала маманы атом электр станциясынан көмірқышқыл газ шығарындыларына қатысты пікір білдірген еді. 

Бүгін Астанада елімізде атом электр станциясын салу мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Соңғы жаңалықтар