Қазақстандық әуе компаниялары биыл 9 ұшақ сатып алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы бүгін ҚР Көлік министрлігінің алқа отырысында айтылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

самолет, рейс, ұшақ
Фото: Александр Павский / Kazinform

Айта кетейік, отырыста Көлік министрлігінің 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, 2026 жылға арналған міндеттер айқындалды.

Ведомство таратқан мәліметтерге қарағанда, 2026 жылға арналған жоспарлар шеңберінде теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар» желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ «Бақты – Аягөз» жобасын жалғастыру көзделген.

Бұдан бөлек, вокзалдарды жаңғырту жұмыстарын аяқтау және жолаушылар мен жүк вагондары паркін одан әрі жаңарту жоспарланып отыр.

Автожол саласында жалпы ұзындығы 11 мың шақырымды қамтитын жол құрылысы мен реконструкциялау жұмыстары жалғасады.

Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолында (Ұлытау облысы аумағында) жұмыстар жүргізіледі. «Орталық – Батыс» жобасын іске асырудың белсенді кезеңі басталады. Сонымен қатар «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Қызылорда» және «Бейнеу – Сексеуіл» жобаларын бастау жоспарланған.

Мультимодальды тасымалды дамыту мақсатында Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымын жаңғырту, оның ішінде айлақтарды реконструкциялау және түбін тереңдету жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр.

Әуе хабтарын және авиациялық инфрақұрылымды дамыту аясында Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтарын салу, Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын және Ақтау әуежайының перронын реконструкциялау, Атырау қаласында жаңа терминал салу, Павлодар әуеайлағын жаңғырту, Арқалық әуежайын қалпына келтіру, сондай-ақ Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

2026 жылдың соңына дейін отандық әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алып, әуе паркінің санын шамамен 118 ұшаққа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл жолаушылар тасымалы сыйымдылығын арттыруға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға және рейстер жиілігін көбейтуге мүмкіндік береді.

-Алқа отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр көлік-логистика саласын одан әрі дамыту бойынша қосымша міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді,- делінген хабарламада.

Осыған дейін өткен жылы елімізде 13 мың шақырымға жуық жол жөнделгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум