Қазақстандық балуандар Германиядағы UWW Гран-приінде 6 алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық грек-рим күресінің балуандары Германияның Дортмунд қаласында өткен UWW Гран-приінде 6 алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстанның күрес федерациясы хабарлады.
Финалдық белдесулердің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының 6 спортшысы өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Олар:
- Арсен Жұма — 55 келіге дейін;
- Айбек Айтбеков — 60 келіге дейін;
- Айдос Сұлтанғали — 63 келіге дейін;
- Бағдат Сабаз — 67 келіге дейін;
- Юсуф Ашрапов — 77 келіге дейін;
- Мерей Мәулитханов — 77 келіге дейін.
«Германия Гран-приі» (Grand Prix of Germany) — UWW қамқорлығымен жыл сайын Дортмундта өтетін грек-рим күресінен беделді халықаралық турнир. Биыл жарыс 14-16 тамыз аралығында ұйымдастырылды.
Турнирге әлемнің үздік грек-рим күресі шеберлері қатысып, ол әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі саналады. Биыл Қазақстан құрамасы Германиядағы жарысқа 20 балуанды жіберді.
Еске салайық, Әзербайжан астанасы Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрестен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілдері Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек алтын медаль иеленген болатын.