Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарына аттанды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыдан Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентінің екінші тобы Голан жоталары аумағына аттанды.

с
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның Бөлінуді бақылау күштері миссиясы құрамында қызмет өткереді.

Контингент құрамындағы 69 әскери қызметші арнайы дайындықтан өтіп, жүктелген міндеттерді орындауға толық әзірленген.

– Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимінің сақталуын қадағалап, патрульдеу жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосады, – деп хабарлады ведомство.

Министрлік мәліметінше, Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысуы Қарулы күштердің жоғары даярлық деңгейін көрсетеді.

Сонымен қатар бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал етеді.

– Бұл – әскери қызметшілер үшін үлкен жауапкершілік қана емес, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды миссия, – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, Душанбеде қазақстандық бітімгерлерге арналған естелік бұрышы ашылды.