Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда әлі дүниеге келмеген екі балаға күрделі емшара жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда екі күрделі жатырішілік емшара жүргізіп, қырғызстандық акушер-гинекологтармен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Медициналық емшаралар Қазақстан медицинасы күндері аясында Бішкек қаласындағы Ана мен бала денсаулығын сақтау ұлттық орталығының базасында жасалды.
Астанадағы UMC Ана мен бала орталығының «Ұрық медицинасы» бағдарламасының жетекшісі, акушер-гинеколог Гүлмира Мағзұмованың жетекшілігімен қазақстандық мамандар әлі дүниеге келмеген екі балаға жатырішілік қан құю емшарасын жүргізді.
Жатырішілік қан құю – ұрықтың ауыр анемиясы кезінде қолданылатын жоғары технологиялық медициналық емшара. Мұндай жағдай ана мен ұрық арасындағы резус-қайшылық кезінде туындауы мүмкін. Бұл кезде ана ағзасында түзілген антиденелер баланың эритроциттеріне әсер етеді. Заманауи медициналық технологиялар қажетті көмекті жүктілік кезінде-ақ көрсетуге мүмкіндік береді.
– Біз үшін Қазақстанда заманауи технологияларды қолдану ғана емес, жинақталған клиникалық тәжірибемізбен әріптестерімізбен бөлісу де маңызды. Мұндай бірлескен шеберлік сабақтары елдеріміз арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ана мен баланың денсаулығы үшін мамандардың практикалық білім алмасуына мүмкіндік береді, – деді Гүлмира Мағзұмова.
Қазақстан медицинасы күндері аясында отандық дәрігерлер Қырғызстанда консультациялар өткізіп, пациенттерді қабылдап жатыр. Сонымен қатар қырғызстандық әріптестерімен тәжірибе алмасып, Қазақстан медицинасында қолданылатын заманауи тәсілдерді таныстыруда.
Айта кетейік, СҚО-дағы аудандық ауруханада күрделі кардиологиялық оталар жасалады.