Қазақстандық файтер Жалғас Жұмағұлов UFC-ге қайта оралуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов 37 жасында UFC ұйымына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы спортшының өзі мәлімдеді.

Жалгас Жумагулов узнал условие и дату возвращения в UFC
Фото: zhumagulov_zhalgas

Жұмағұловтың әлемдегі ең беделді лигадағы дебюті 2020 жылғы 11 шілдеде өткен UFC 251 турнирінде өтті. Айта кетейік, UFC-мен келісімшартты одан бұрын жасаған Шавкат Рахмонов алғашқы жекпе-жегін кейінірек, 2020 жылғы 24 қазанда UFC 254 турнирінде өткізген.

Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі мансабы барысында 2020 жылдан 2023 жылға дейін жеті жекпе-жек өткізді. Оның тек біреуінде жеңіске жеткенімен, алты жеңілісінің басым бөлігі төрешілердің екіұдай шешімімен тіркелген. Сарапшылар мен спортшылардың өздері де кейбір кездесулерде қазақстандық файтерге әділетсіз шешім шығарылғанын айтқан.

2026 жылдың тамыз айында Жалғас Жұмағұлов 38 жасқа толады. Соған қарамастан, ол UFC-ке қайта оралуы мүмкін. Спортшының айтуынша, бұл жай сөз емес, нақты келіссөздердің нәтижесі.

– Келісім бойынша мені UFC басшылығымен байланыста жүрген адам таныстырып жатыр. Ол Хантер Кэмпбеллмен сөйлесуде. Ол менің Oktagon лигасында чемпион болғанымды, белбеуді қорғағанымды біледі. Өзі «мен оны бұрыннан бақылап жүрмін, оның чемпион екенін білемін, осындай жаста оны қайта әкелу бізге де қызық» деді. Мен соңғы екі жылда тек жеңістерге жеттім, маған бұрын мүмкіндік берілмеді. Қазір бес жекпе-жектен тұратын жеңіс сериясы бар, оған қоса бокста екі жеңісім бар. Еуропалық аудитория да қалыптасты, – деді Жалғас Жұмағұлов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында.

Қазіргі уақытта Жалғас Жұмағұлов Oktagon еуропалық лигасының ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпионы болып саналады. 5 маусым күні ол осы ұйымның екінші белбеуі үшін бразилиялық Игор Севериноға қарсы жекпе-жек өткізеді.

– Маған 6 маусымға жекпе-жек белгіленді. Егер келіспесем, қарсыласым басқа біреумен жұдырықтасар еді. Бізде Oktagon ұйымымен келісім бар, осы жекпе-жектен кейін олар мені UFC-ге жіберуге дайын. UFC-мен де белгілі бір келісімдер жасалды. Мен неге қайта оралғым келеді? Өйткені қазір өзімді мүлде басқа деңгейдегі спортшы сезінемін. Бұрын бәрін өзім үйрендім, қателестім. Қазір жаттығу, салмақ қуу, жекпе-жекке дайындық қалай болуы керектігін түсіндім. Тағы да жоғары деңгейге көтеріле аламын деп сенемін, – деді спортшы.

Сонымен қатар Жалғас Жұмағұлов ықтимал жаңа келісімшарттағы қаржылық шарттардың өзі үшін маңызды емес екенін айтты.

– Маған ақша маңызды емес. Мені қолдайтын ағаларым бар, спорттан кейін де айналысатын ісім бар. Мен ақша үшін жұдырықтаспаймын. Тіпті тегін шығуға да дайынмын, бұл туралы айттық. Oktagon лигасы да UFC-ден кем емес, кейбір тұстарда тіпті жақсы. Маған ол жерде бәрі ұнайды. Бірақ мен UFC-ге оралғым келеді. Егер келісімшарт жасалмаса, мансабымды аяқтайтын шығармын, – деді Жалғас Жұмағұлов.

Айта кетейік, өткен жылдың соңында Жалғас Жұмағұлов жаңа чемпиондық атаққа ұмтылатынын мәлімдеген еді.