Қазақстандық ғалымдар ара шаруашылығын цифрландыруға арналған платформаны іске қосты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар араларды селекциялау мен омарталарды басқаруға арналған алғашқы Apislab цифрлық платформасын әзірледі. Қазір бұл жүйені еліміздің әр өңіріндегі 201 омарта шаруашылығы пайдаланып отыр, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жоба Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒББО) ғалымдары тарапынан «Ара шаруашылығындағы селекциялық үдерісті тиімді басқару технологияларын әзірлеу» бағдарламасы аясында әзірленді. Платформа ғылыми зерттеулерді, цифрлық есепке алу жүйесін және омарталарды басқарудың заманауи құралдарын біріктіріп, селекциялық жұмыстарды ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
Apislab үш өзара байланысқан компоненттен тұратын бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істейді. Apislab Science веб-қосымшасы ара қанаттарының цифрлық кескіндері арқылы морфометриялық талдау жасап, зерттеу нәтижелерін сақтайды. Apislab Apiary омарталарды, ара ұялары мен аналық араларды есепке алып, өндірістік үдерістерді тіркеуге және бірыңғай сәйкестендіру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал Apislab Mobile мобильді қосымшасы омарташыларға ара ұяларын тікелей тексеріп, селекциялық бағалау нәтижелерін енгізуге және деректерді ортақ базаға автоматты түрде синхрондауға жағдай жасайды.
– Платформаның басты ерекшеліктерінің бірі – әрбір ара ұясына бірегей сәйкестендіру нөмірі мен QR-кодтың берілуі. Соның арқасында омарташылар ара ұясы туралы толық ақпаратқа жедел қол жеткізіп, жүргізілген тексерулер мен басқа да іс-шаралар жөніндегі мәліметтерді бірыңғай ақпараттық жүйеде сақтай алады, – делінген министрлік хабарламасында.
Платформа пайдаланушылар үшін тегін. Жұмысты бастау үшін ара шаруашылығын жүйеде тіркеу жеткілікті. Осыдан кейін омарталарды цифрлық есепке алу, тексерулердің электрондық журналдарын жүргізу, мобильді қосымшаны пайдалану және селекциялық жұмыстарды қолдау құралдарының барлығы қолжетімді болады.
Министрліктің мәліметінше, Apislab платформасын енгізу отандық ара шаруашылығын цифрландыруға, селекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға, бал араларының генетикалық ресурстарын сақтауға және ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін омартаның ветеринариялық паспортын қайдан алуға болатынын жаздық.