Қазақстандық ғалымдар кремний қалдықтарын қайта өңдеудің жаңа технологиясын сынады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ғалымдар кремний өндірісіндегі қалдықтарды қайта өңдеуге және оларды қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді технологияны сынақтан өткізді.
Қарағанды индустриялық университетінің «Металлургия» оқу-ғылыми-зерттеу орталығында кондицияға сай келмейтін шикізат пен металлургиялық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы кремнийқұрамды қорытпаларды өндіруге арналған зерттеулер жүргізіліп жатыр.
Зертханалық сынақтар қуаттылығы 250 кВА кен-термиялық электр пешінде жүзеге асырылуда.
Зерттеудің негізгі мақсаты – кремний қорытпаларын өндіру кезінде пайда болатын микрокремнезем мен көміртекті тотықсыздандырғыштардың ұсақ фракцияларын пайдаланып, кристалдық кремний мен ферросилицийді балқыту технологиясының тиімділігін анықтау.
– Зерттеу нәтижелері екінші реттік материалдық ресурстарды өндірістік айналымға тиімді енгізуге және табиғи шикізатты ұтымды пайдалануға мүмкіндік бар екенін көрсетті. Ұсынылған технология металлургиялық қалдықтар көлемін азайтып, қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге және өндіріс шығындарын қысқартуға ықпал етеді, – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінен.
Ғылыми жұмыстар барысында микрокремнезем мен көміртекті тотықсыздандырғыштың ұсақ фракциялары негізінде дайындалған брикеттелген қоспаны пайдалану арқылы техникалық кремнийді балқыту технологиясы да сынақтан өткізілді.
Нәтижесінде техногендік қалдықтарды өндіріс процесіне қайта енгізуге болатыны дәлелденді. Ғалымдардың айтуынша, алынған нәтижелер әзірленген технологияны өнеркәсіптік өндіріске енгізудің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Сондай-ақ зерттеу аясында Ақтас кен орнының кварц ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану мәселесі қарастырылды. Мамандар кварц шикізатын өңдеу кезіндегі шығындарды азайтуға арналған ұсынымдар әзірледі.
– Жүргізілген ғылыми зерттеулер ресурс үнемдейтін технологияларды дамытуға, минералдық-шикізат ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруға және металлургия өндірісінде қалдықсыз өндіріс қағидаттарын енгізуге бағытталған, – деп атап өтті Қарағанды индустриялық университетінен.
Айта кетейік, ғалымдар қан кетуді лезде тоқтататын ұнтақ ойлап шығарды.