Қазақстандық клубтар футзалдан Чемпиондар лигасы 1/4 финалында қарымта ойындар өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM - 25 наурызда футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының 1/4 финалдық кезеңінде қазақстандық «Семей» мен «Қайрат» командалары қарымта ойындарын өткізеді.

Футзалдан Чемпиондар лигасы: «Қайрат» өз алаңында «Картахенаға» есе жіберді
Фото: «Қайрат» футзал клубы

Семейлік команда сағат 20:00-де өз алаңында Францияның «Этуаль» клубымен кездессе, 00:30-да алматылық клуб сырт алаңда Испанияның «Картахена» клубымен шеберлік байқасады.

Екі кездесу де «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетсек, «Семей» 1/4 финалдың алғашқы ойынында қарсыласына 4:5, «Қайрат» испаниялық клубқа 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Оған дейін 1/8 финалда «Қайрат» Бельгияның «Андерлехт» клубын (7:3, 5:3) қапы қалдырса, «Семей» Польшаның «Пяст» командасын (3:3, 5:3) жеңіп, келесі кезеңге шықты.

Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді. Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінді. Командалар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығында өз алаңында және сырт алаңда бір-бір кездесуден өткізді.

Енді 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі. Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.