Қазақстандық миллиардер «Тобыл» футбол клубының бас құрылтайшысы болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа құрылтайшысы пайда болды. Бұл жөнінде клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Қазақстандық миллиардер «Тобыл» футбол клубының бас құрылтайшысы болды
Фото: «Тобыл» футбол клубы

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ERG Директорлар Кеңесінің төрағасы – Бас атқарушы директоры Ш. Ибрагимов қостанайлық «Тобыл» футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы атанады. Мұндай ірі әрі сенімді серіктестің қолдауымен «Тобыл» командасы жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қостанайлық клуб биыл Қазақстан суперкубогын иеленді. Қазақстандық маман Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын команда алматылық «Қайратты» пенальтилер сериясында жеңіп, жаңа маусымдағы алғашқы жүлделеріне қол жеткізді.