Қазақстандық мұғалімдер мен оқушылардың деректері интернетке тарап кеткен
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласының прокуратурасы білім беру ұйымдарында дербес деректер туралы заңнама талаптарының сақталуына қатысты заң бұзуды анықтады.
Анықталғандай, 31 мектептің ресми сайттарында қызметкерлер мен білім алушылардың дербес деректері қамтылған құжаттар ашық қолжетімділікте орналастырылған.
— 3 752 қызметкердің аты-жөні, ЖСН-і, туған күндері, тұрғылықты мекенжайлары және байланыс телефондары, сондай-ақ 344 кәмелетке толмаған бала туралы мәліметтер жарияланған, — делінген Абай облысының прокуратурасы хабарламасында.
Мұндай мәліметтерді орналастыру жеке өмірге қол сұғылмаушылықтың бұзылуына және олардың заңсыз пайдаланылуына қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз орналастырылған мәліметтер ашық қолжетімділіктен алынып тасталды, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Айта кетелік алаяқтар 4 күнде 150 мың SMS таратып, азаматтардың ақшасы мен жеке дерегін иемденбек болғаны туралы жазған едік.