Қазақстандық оқытушы 5 сағатта 100-ден астам ән орындап, дүниежүзілік рекордтар кітабына енді
АСТАНА. KAZINFORM – Абай облысында қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған мәдени іс-шара өтті. Нәтижесінде ҚР Мәдениет саласының үздігі, Shakarim University «Өнер» кафедрасының оқытушысы, университеттің Құрметті профессоры Қайрат Қабышев этномәдениет бағыты бойынша Азия мен Африканың дүниежүзілік рекордтар кітабына енді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, рекордты тіркеу қорытындысы бойынша өнер иесіне ресми сертификат пен күміс медаль табысталды.
Қайрат Арқашұлы рекорд орнату барысында қазақтың 102 дәстүрлі әнін 5 сағат 29 минут бойы орындады. Рекорд талаптарына сәйкес әр 25 әннен кейін 15 минуттық үзіліс жасау мүмкіндігі қарастырылғанымен, орындаушы бұл құқықты пайдаланған жоқ. Барлық шығарма нотасыз, мәтінсіз, фонограммасыз және орындаушының өз аспаптық сүйемелдеуімен орындалды.
іс-шараға халықаралық Global Best of Records (GBR) ұйымының Азия және Африка дивизионы бойынша рекордтарды тіркеу жөніндегі бас офицері Қуандық Құдайберген қатысып, көрсетілген нәтиженің бірегей сипатын атап өтті.
Оның айтуынша, дүниежүзілік рекордтар кітабы сарапшыларының шешімімен рекорд ресми түрде тіркеліп, 2026 жылғы басылымға енгізіледі.
Жобаға сарапшылық баға берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман аталған жетістіктің қазақтың дәстүрлі ән өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуге ықпал ететінін атап өтті.
Қайрат Қабышев бұл нәтижеге ұлттық әншілік мектеп дәстүрі мен ұстаздар тағылымының негіз болғанын айтты. Сондай-ақ мұндай бастамалар жастар арасында ұлттық өнерді насихаттауға серпін беретінін жеткізді.
Аталған рекорд қазақтың дәстүрлі ән өнерінің халықаралық деңгейде танылуы мен ұлттық мәдениеттің жаһандық кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Атыраулық құтқарушы 165 тонналық 7 вагонды сүйреп, ел рекордын жаңартқанын жазған едік.