Қазақстандық оқушы жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті анықтайтын жүйе ойлап тапты
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Финикс қаласында өткен беделді Regeneron ISEF 2026 халықаралық ғылыми-инженерлік көрмесінде тараздық 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай жүлделі орынға ие болды.
Жасанды интеллект негізінде онкологиялық және өкпе ауруларын ерте диагностикалау жүйесін әзірлеген отандық жас зерттеуші Сауд Арабиясындағы жетекші жоғары оқу орнының білім грантын иеленді. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында айтып берді.
Жас ғалымның айтуынша, жобаны әзірлеу идеясы медициналық мекемелердегі диагностикалық ақпараттың жеткіліксіздігі мен талдау процесінің ұзақтығын зерттеу барысында туындаған. Оның жасаған жүйесі тек қатерлі ісікті ғана емес, сонымен бірге басқа да күрделі өкпе ауруларын анықтауға қауқарлы. Жүйе МРТ және рентген суреттерін талдау негізінде жұмыс істейді.
— Медициналық орталықтардағы деректерді зерттей келе, ақпараттың жеткіліксіздігін байқадым. Мен әзірлеген алгоритм ауруларды жоғары дәлдікпен анықтайды. Бүгінде дәрігерлер үшін әр суретке талдау жасау, анализ жүргізу көп уақытты қажет етеді. Бұл жоба сол процесті толықтай автоматтандыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл кезеңде технологияға 100 пайыз сеніп қалуға болмайды, сондықтан мен бұл жүйені дәрігерлерге таптырмас және сенімді көмекші құрал ретінде қарастырамын, — дейді Арнұр Артықбай.
Жоба оқу жылының басында, яғни жаз айларынан бастап қолға алынған. Жетекшісі Мейірлан Төлегенұлы мектеп, жергілікті, қалалық және республикалық кезеңдерде бірінші орын иеленіп, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында АҚШ-тағы халықаралық көрмеге жолдама алғанын айтты.
— Мәліметтермен, медициналық деректермен жұмыс істеу кезеңі өте қиын болды. Ауруханаларға арнайы барып, рентген және МРТ снимоктарын сұрап, оларды терең зерттеуге тура келді. Ендігі негізгі мақсат — бұл жобаны қағаз жүзінде қалдырмай, өнімге айналдыру. Біз мектеп деңгейінде зерттеу жасағандықтан, мұны әрі қарай дамыту үшін жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істеу немесе инвесторлар табу қажет. Медицина — адам өмірімен тікелей байланысты өте сезімтал сала болғандықтан, қолдау тапқан жағдайда жобаны клиникалық қолданысқа енгізуге болады, — дейді жоба жетекшісі.
Еске сала кетейік, Regeneron ISEF — жыл сайын дарынды мектеп оқушылары арасында өтетін әлемдегі ең ірі халықаралық ғылыми-инженерлік көрме.
Оған жыл сайын әлемнің 80-нен астам елінен мыңдаған жас зерттеушілер қатысып, өз жобаларын қорғайды.
Бұған дейін, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова онкологияны ерте кезеңде анықтау 35 пайызға дейін өскенін айтқан еді.