Қазақстандық оқушылар Бейжіңдегі робототехника чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM — Семей қаласының 11-сынып оқушылары 13-16 тамыз аралығында Қытай астанасында өткен беделді халықаралық робототехника чемпионатында екінші орын иеленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
«2026 FIRST® LEGO® League Asia Open Championship» ауқымды жарысына әлемнің 25 елі мен өңірінен 375 команда қатысты. Қазақстан атынан Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және Абай облысынан 20-ға жуық команда бақ сынады.
Чемпионаттың күміс жүлдесін семейлік «SBIL•LION•AIRES» командасы жеңіп алды. 2024 жылы «Sapa Semey Alumni» түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған жоба бұған дейін Сингапурда өткен жарыста екінші орын алған.
Команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалиннің айтуынша, Бейжіңдегі жүлделі орын отандық робототехника үшін үлкен жетістік болды. Қазіргі технологиялар дәуірінде робототехника — қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі.
— Биыл біз өте сәтті өнер көрсеттік. Алдыңғы кезеңдерде жинаған тәжірибеміз ауызбіршілігімізді нығайтып, командалық өзара іс-қимыл дағдыларымызды жетілдіруге көмектесті. Пекиндегі чемпионатта үйлесімді әрекетіміздің арқасында тұғырдың екінші сатысына көтеріле алдық, — деді Нұрсұлтан.
Жарыстың бағдарламасы туралы команданың тағы бір мүшесі Әлихан Мұратов айтып берді.
— Алдымызда төрт негізгі міндет тұрды: роботтың картадағы тапсырмаларды орындауы, инженерлік-конструкторлық шешімді қорғау, археологтарға көмектесуге арналған инновациялық стартапты таныстыру, сондай-ақ командалық жұмыстың үйлесімділігін көрсету. Сонымен қатар Бразилия, Ұлыбритания және Жапониядан келген оқушылармен белсенді қарым-қатынас жасап, бір-бірімізге қолдау көрсеттік, — деп түсіндірді Әлихан.
Команда мүшесі Закария Икласов еліміздегі робототехниканың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық чемпионаттар жас инженерлерге кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл Қазақстанның жоғары технологиялар саласындағы позициясын нығайтып, технологиялық прогресті жеделдетуге жол ашады.
Чемпионаттағы өнер көрсету қорытындысын шығара отырып, команда мүшесі Жанарыс Ардахов турнирдің командалық рухты шыңдап, күрделі жағдайларда ортақ шешім табуға үйреткенін айтты. Ол барлық қатысушылар атынан ата-аналарына және «Sapa Semey Alumni» түлектер қауымдастығына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін шынайы алғысын білдірді.
Жарыстан кейін Пекиндегі Қазақстанның мәдени орталығы жас отандастарымызға арнайы қабылдау ұйымдастырды. Қазақстанның Қытайдағы елшісінің атынан елшілік кеңесшісі Қайыржан Ерманов оқушыларды халықаралық чемпионаттағы сәтті өнер көрсетуімен құттықтап, ғылым, технология және инженерия салаларында одан әрі табыс тіледі.
— Мұндай халықаралық жарыстарға қатысу қазақстандық жастардың білімі мен дағдыларын дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстанның зияткерлік әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал етеді, — деп атап өтті қазақстандық дипломат.
Бұған дейін Қазақстандық оқушы әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енгені туралы жазған едік.