Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы VEX Robotics турнирінде үш жүлдені жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық оқушылар Қытайдың Шанхай қаласында өткен VEX Robotics халықаралық турнирінде жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы VEX Robotics турнирінде үш жүлдені жеңіп алды
Фото: Kazinform

24–27 тамыз аралығында Шанхайдың Линган ауданында ұйымдастырылған жарысқа сегіз санат бойынша 150 команда, 1400-ден астам бала қатысты.

Қазақстандық жас робототехниктер VIQRC орта буын санатында сынға түсті.

Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы VEX Robotics турнирінде үш жүлдені жеңіп алды
Фото: Kazinform

Бұл санатта 46 команда бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстанның 1771A командасы III орын иеленді.

Команда құрамында Қайырбек Арнұр, Жолтай Бекназар және Күнтуған Ханзада өнер көрсетті. Бұдан бөлек, дәл осы команда Best Progress Award арнайы жүлдесін иеленді. Бұл марапат команда жетістігіндегі елеулі ілгерілеуді бағалайтын арнайы аталым.

Қазақстанның 1771T командасы да III орынға ие болды. Команда сапында Тамерлан Самыратов, Жақсымбет Уваисов және Алинұр Қуат өнер көрсетті.

Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы VEX Robotics турнирінде үш жүлдені жеңіп алды
Фото: Kazinform

Осылайша, қазақстандық екі команда Шанхайдағы халықаралық турнирде екі үшінші орын және бір арнайы жүлдеге ие болды.

Оқушыларды жарысқа робототехника жетекшісі Нағашыбай Мұхамедұлы Самыратов дайындады.

VEX Robotics жарыстарында қатысушылар роботтарды құрастырып, бағдарламалайды және белгіленген тапсырмаларды орындау үшін инженерлік әрі стратегиялық шешімдер әзірлейді.

Қазақстандық оқушылар Шанхайдағы VEX Robotics турнирінде үш жүлдені жеңіп алды
Фото: Kazinform

Осыған дейін қазақстандық оқушылардың Бейжіңде робототехникадан өткен халықаралық чемпионатта 23 жүлде иеленгені туралы жаздық.