Қазақстандық оқушының баяндамасы Harvard Model Congress алаңында үздік деп танылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық мектеп оқушыларының MansapTeam құрамасы алғаш рет беделді халықаралық көшбасшылық алаңы – Harvard Model Congress конференциясына қатысып, ел абыройын асқақтатты. Конференция 2026 жылғы 16-18 қаңтар аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өтті.
Іс-шара аясында қазақстандық делегация мүшесі Мария Новосад эссе байқауында жеңіске жетіп, Outstanding Speech аталымы бойынша марапатқа ие болды. Сонымен қатар ол конференцияға қатысқан барлық делегаттардың атынан қорытынды сөз сөйлеп, халықаралық мінберде өз ойын еркін әрі әсерлі жеткізді.
Айта кетейік, АҚШ-қа сапар алдында Мария былтыр жазда Астанада өткен HMCKazakhstan даярлық бағдарламасы аясында іріктеуден өтіп, жан-жақты дайындалған.
Harvard Model Congress (HMC) – Гарвард университетінің студенттері ұйымдастыратын, 40 жылдан астам тарихы бар, әлемдегі ең ауқымды саяси симуляциялық жобалардың бірі. Конференция барысында жоғары сынып оқушылары АҚШ Конгресі мен халықаралық ұйымдардың жұмысын әзірлеп, жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды, ағылшын тілінде пікірталас пен шеберлік сабақтарына қатысады.

HMC конференциялары жыл сайын әлемнің әр өңірінде – АҚШ-та, Еуропада, Азияда және Таяу Шығыста өткізіледі. Ал негізгі басқосулар дәстүрлі түрде Бостон мен Сан-Франциско қалаларында ұйымдастырылады. Конференцияға түрлі мемлекеттен келген дарынды жоғары сынып оқушылар қатысады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы қаласында «Сириус» білім беру орталығымен әріптестік аясында өткен І Таланттар саммиті барысында жаңа мектеп пен білім беру орталығының іргетасын қалау рәсімі өткен болатын.