Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуеті экологиялық технологияға инвестиция салуына байланысты - Дилафруз Мадиева

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде шетел нарығына шығу отандық өндірушілерден өндірісті ауқымды технологиялық жаңғыртуды талап етеді.

а
Фото: Kazinform

«Балмұздақ» ЖШС-нің бас директоры Дилафруз Мадиеваның айтуынша, кәсіпорынның Қытай нарығына экспорттық серпіліс жасауына баламалы энергетика мен өндірісті автоматтандыруға басымдық беру ықпал еткен.

Жуырда өткен Қытай тауарларының XXI халықаралық көрмесі бұл әлеуетті тағы бір мәрте дәлелдеді. Компанияның балмұздақ, жартылай фабрикаттар және шоколад өнімдері мыңдаған келушінің қызығушылығын тудырып, әсіресе шоколад дегустациядағы ең танымал өнімге айналды.

в
Фото: Kazinform

«Бұл Қазақстанда өндірілген өнімді халықаралық нарықта ілгерілету жолындағы біз үшін үлкен қадам. Еңбегіміздің елімізде де жоғары бағаланғаны ерекше қуантады. Көрме қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімдігі өңірдің абыройын лайықты таныстырғанымыз үшін бізге алғыс марапатын табыстады», – дейді компания басшысы.

Қазіргі таңда кәсіпорынның халал өнімдері Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне тұрақты экспортталады. Ал Қытайға алғашқы жеткізілім көлемі шамамен 20 тоннаны құрады. Алайда үздіксіз экспортты қамтамасыз ету үшін энергетикалық тәуелсіздік аса маңызды. Түркістан облысының тамақ өнеркәсібі электр энергиясының тапшылығымен жиі бетпе-бет келеді. Ал үздіксіз мұздату циклымен жұмыс істейтін кәсіпорын үшін бұл үлкен тәуекел.

Сондықтан компания қуаты 2000 кВт болатын жеке күн электр станциясын (КЭС) салуға шамамен 300 млн теңге инвестиция салды. Зауыттың шатырына орнатылған бұл станция өңірдегі әрі Қазақстандағы тамақ өнеркәсібіндегі ең ірі экологиялық технологиялық жобалардың біріне айналды.

в
Фото: Kazinform

«Жоба әзірге өзін-өзі ақтау кезеңінде. Дегенмен экономикалық тиімділігі қазірдің өзінде байқалып отыр: электр энергиясына жұмсалатын шығынды айтарлықтай қысқарттық, кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін арттырдық және қаланың электр желісіне түсетін жүктемені азайттық», – дейді Дилафруз Мадиева.

Оның айтуынша, экологиялық технологиялар қуатты өндірістік базамен ұштасқанда ғана жоғары нәтиже береді. 1987 жылы Бірінші Мамыр ауылында небәрі алты адам жұмыс істейтін, екі ғана балмұздақ түрін шығаратын шағын цех ретінде құрылған отбасылық кәсіп бүгінде аумағы 3,5 гектарды қамтитын ірі өндіріс орнына айналды. Өндірістік процестердің автоматтандыру деңгейі 70 пайызға жетсе, өнім ассортименті 230-дан асады.

«Өңіріміздің басты байлығы – адамдар. Бірегей географиялық орналасуымыз бен адами капиталдың үйлесуі экспортты дамытуға зор мүмкіндік береді. Біздің тәжірибеміз шағын ауылдың өзінде әлемдік деңгейдегі өнім өндіріп, Қытай сияқты алып нарықты игеруге болатынын дәлелдейді. Бірақ табысты бизнес тек таза пайдамен өлшенбейді. Ол туған өлкенің дамуына қосқан үлеспен, қызметкерлерге көрсетілген қамқорлықпен және қоғамға тигізген пайдасымен бағаланады», – дейді Дилафруз Мадиева.

Компания бұл қағидаларды нақты істерімен де дәлелдеп келеді. Кәсіпорын Бадам өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салып, ауыл әкімдігінің жаңа ғимаратын тұрғызды. Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды тұрақты жөндеуге қолдау көрсетіп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді.