Қазақстандық өрт сөндірушінің шапшаңдығы әлемді таңғалдырды
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Жарыста Назарбек Әнуарбековтің жылдамдығы мен шапшаңдығы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Осы орайда Назарбек Әнуарбеков Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында сұхбат берді.
— Әлеуметтік желіде видео тарап кетеді деп күткен жоқпын. Біздегі мақсат — халықаралық аренда өз мүмкіндігімізді барынша көрсету. Бірінші күні оқу мұнарасында көтерілу, екінші күні 100 метрлік кедергілерден өту, үшінші күні төрт адамдық эстафета, төртінші күні өрт сөндіру-құтқару қызметін ұйымдастырып, шынайы жағдайда әрекет ету кезеңі болды. Бұл кезеңдердің бәрінде команда бапкерінің қолдауы ерекше күш берді. Соның арқасында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 4-орынға табан тіреп, екі қола медаль иеленді, — деді Назарбек Әнуарбеков.

Ол сондай-ақ өрт сөндіру-құтқару спортында әр секунд, әр қимыл есептелетінін, жылдам шешім қабылдау үшін тек физикалық емес, психологиялық дайындық та маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, әлемдік додада 20 елден келген 14 ер және 6 әйелдер командасы бақ сынады. Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің ұлттық құрамасы барлық сайыс түрінде өнер көрсетті. Чемпионаттың қорытындысы бойынша ерлер құрамасы жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болып, екі қола медаль жеңіп алды. Ал әйелдер командасы үш қола жүлдемен ғана емес, жаңа ұлттық рекорд орнатып, көрермендерді қуантты.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионатында қола жүлде иеленгенін жазғанбыз.