Қазақстандық падел шеберлері FIP әлемдік рейтингісінде көрсеткіштерін жақсартты
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық падел федерациясы (FIP) ойыншылардың жаңартылған рейтингісін жария етті.
Қазақстан падел федерациясынан мәлім еткеніндей, Жәнібек Үмбетов ерекше көзге түсті. Ол бірден 43 сатыға көтеріліп, қазіргі кезде FIP рейтингісінде 510-орында тұр.
Соның нәтижесінде Ж.Үмбетов Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды.
Сол секілді Родион Пак елеулі серпіліс жасады, ол 68 саты қосып, 553-орынға шықты. Сондай-ақ Евгений Данилов халықаралық аренада өз көрсеткішін жақсартып келеді. Ол жаңа рейтингіде 537-ден 536-ға көтерілді. Ян Брек айтарлықтай ілгеріліп, әлемдік рейтингіде 754-орыннан (+53) көрінді.
Бұл нәтижелер FIP рейтингісінде қазақстандық ойыншылардың үздік көрсеткіштері болып саналады — бұдан бұрын Қазақстан өкілдері мұндай жоғары орындарға көтеріліп көрген емес.
Жуырда Таиландта өткен FIP Bronze Phangan халықаралық турнирінде Жәнібек Үмбетов пен Родион Пак ширек финалға дейін жетті. Сөйтіп олар қазақстандық падел шеберлерінің осы маусымдағы халықаралық аренадағы үздік нәтижелерінің біріне қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын паделдің алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгенін жазған едік.