Қазақстандық полицейлердің жеке ісінде қандай мәліметтер сақталады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істерін жүргізу қағидалары жаңартылды. Тиісті өзгерістер Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 20 тамыздағы бұйрығымен енгізілді.

Қазақстандық полицейлердің жеке ісінде қандай мәліметтер сақталады
Фото: polisia.kz

Жаңа қағидаларға сәйкес, полиция қызметкерінің жеке ісі бес бөлімнен тұрады.

Бірінші бөлімде қызметтік тізім мен қызмет өтілін растайтын құжаттар сақталады.

Екінші бөлімге қызмет өткеруге қатысты құжаттар енгізіледі. Олардың қатарында тестілеу нәтижелері, оқудан өткені туралы сертификаттар, аттестаттау парақтары, қызметтік мінездемелер, қызметке тағайындау, ауыстыру және қызметтен босату туралы ұсынымдар, сондай-ақ марапаттау материалдары бар.

Үшінші бөлімде қызметке қабылдау кезінде және қызмет өткеру барысында ұсынылатын құжаттар сақталады. Олардың ішінде өтініш, өмірбаян, мінездемелер, әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы, түрлі міндеттемелер, қолхаттар және Ант мәтіні бар.

Төртінші бөлімнің құжаттары «Архивтік материалдар» деген жеке бумада сақталады. Оған еңбек шарттары мен келісімшарттар, баянаттар, қызметтік тексеру материалдары, ескірген қызметтік тізімдер мен өмірбаяндар, денсаулық жағдайы туралы құжаттар, қызметтен босату туралы хабарламалар және өзектілігін жоғалтқан өзге де құжаттар енгізіледі.

Бесінші бөлім «Зерделеу және арнайы тексеру материалдары» деп аталады. Онда кандидаттар мен қызметкерлерді тексеруге қатысты материалдар, оның ішінде жақын туыстары туралы мәліметтер, ұлттық қауіпсіздік органдарының жауаптары, тексеру нәтижелері, арнайы тексеру қорытындылары, мемлекеттік құпияларға рұқсат беру туралы құжаттар, сондай-ақ психологиялық-әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері сақталады.

Қызметтік тізімді жүргізуге қойылатын талаптар да жаңартылды. Ондағы жазбалар көк түсті сиямен немесе шарикті қаламмен, қолмен, анық, қысқартуларсыз және түзетулерсіз жазылады.

Егер қызметтік тізімдегі жазбалардан дәлсіздік анықталса, тиісті түзетулер енгізіледі. Түзетулер «Түзетілгенге сену керек» деген жазумен расталып, кадр қызметі қызметкерінің қолы қойылады және кадр қызметінің мөрімен бекітіледі.

Қызметтік тізімдегі жазбаларды мемлекеттік немесе орыс тілінде толтыруға болады. Сандық деректерді көрсету кезінде тек араб цифрларын қолдануға рұқсат етіледі.

Жаңа қағидалар жекелеген ережелерді қоспағанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бұған дейін ІІМ жоғары оқу орындарына қабылдау толықтай цифрлық форматқа көшіп, талапкерлердің қағаз түріндегі жеке істерін рәсімдеу айтарлықтай азайғанын жазған едік.