Қазақстандық шабандоз FEI халықаралық турнирінде алтын медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшы Олег Соколенко Астанада өтіп жатқан FEI халықаралық турнирінде алтын медаль жеңіп алды.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) күнтізбесіне енген EQUESTRIAN CUP турнирінде ол Cinderella есімді тұлпарымен бірге үздік нәтиже көрсетті.
Prestige Horse Club клубының өкілі кедергілер биіктігі 140 сантиметр болатын бағытта сынға түсті.
Жүлде үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және бейтарап ту астында өнер көрсеткен спортшылардан құралған 22 спорттық жұп бақ сынады.
– Олег Соколенко жарыс жолын бірде-бір айып ұпайынсыз аяқтап, 65,81 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті, – деп хабарлады ұйымдастырушылар.
Күміс медаль Сергей Петровқа бұйырды. Ол Nero Van’t Prinsenveld тұлпарымен өнер көрсетті.
Ал қола жүлдені Conte Rico есімді арғымақпен сынға түскен Олеся Лукина иеленді.
Мамандардың айтуынша, бұл жарыстағы бәсекелестік деңгейі өте жоғары болды. Қатысушылардың басым бөлігі маусым бойы FEI Еуразиялық лигасының жарыстарында үздік нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибелі шабандоздар саналады.
Олардың көпшілігі Олег Соколенкоға Ташкент пен Бішкекте өткен FEI Әлем кубогы кезеңдерінен жақсы таныс қарсыластар болды.
Астанадағы жеңіс Prestige Horse Club үшін табысты халықаралық маусымның жалғасына айналды.
– Жуырда ғана клуб спортшылары Қазақстан құрамасы сапында Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен FEI Әлем кубогы кезеңдерін 18 медальмен аяқтады. Оның ішінде 7 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлде бар, – делінген хабарламада.
Мамандардың пікірінше, Олег Соколенко мен Cinderella спорттық жұбының бұл жетістігі олардың жоғары шеберлігі мен тұрақты дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Астанадағы FEI халықаралық жарыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада үш бірдей FEI турнирі қатар өтетіні хабарланған болатын.