Қазақстандық спортшылар дзюдодан Сурдлимпиада ойындарын cәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық дзюдошылар Сурдлимпиада ойындарының алғашқы күнінде екі алтын және екі қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитеті мәлім етті.
XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарының алғашқы жарыс күнінде Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрама командасы жарысты тамаша бастап, екі алтын және екі қола медальға қол жеткізді.
66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Хамзе Ғұлама финалдық белдесуде алжирлік спортшы Бухидель Абдеррахманды иппонмен таза жеңіп, Сурдлимпиада чемпионы атанды.
73 келіге дейінгі салмақта ел қоржыныna екінші алтынды Шадияр Қуандық салды. Ол финалда кореялық дзюдошы Хванг Хёнды иппонмен ұтып, жоғары шеберлік пен белдесу соңына дейінгі барынша жинақылықтың жарқын үлгісін көрсетті.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Айым Жетпісбаева жұбаныш белдесуінде түркиялық спортшы Элиф Кючукарсланды жеңіп, Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.
60 келіге дейінгі салмақта Алтынбек Кәкітаев жұбаныш белдесуінде нидерландық спортшы Альберт Вестерхофты айқын басымдықпен жеңіп, Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдесіне ие болды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің айтуынша, жарыстың осындай сәтті басталуы бүкіл құраманың рухын көтеріп, Қазақстанның жалпыкомандалық медаль кестесіндегі позициясын нығайта түседі. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша қазақстандық дзюдошылардың еншісінде төрт жүлде бар: екі алтын және екі қола медаль. Спортшылар өз өнерін өзге салмақ дәрежелерінде және басқа спорт түрлерінде жалғастырмақ.
Айта кетейік, Токиода XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары басталды.