Қазақстандық спортшылар Еуразиялық лигадағы әлем кубогынан медальмен оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спортшылар конкур бойынша Еуразиялық лигадағы әлем кубогы кезеңінде жүлделі орындарға ие болды. Бұл туралы Ат спорты федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

17–20 сәуір аралығында Ташкентте (Өзбекстан) конкурдан Еуразиялық лигадағы әлем кубогының кезеңі өтті. Еліміздің намысын қорғаған 6 спортшының екеуі жүлделі орындарға ие болды.

Ксения Баталова Lady Di тұлпарымен (160 см биіктіктегі 6-шы маршрутта) екінші орында келіп, Гран-при жүлдегері атанды. Нұрила Турысбекова Nagano B атты тұлпармен (130 см биіктіктегі 5-ші маршрутта) қола медальға ие болды.

Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің 43 мықты шабандоздары қатысты. Бұл Еуразиялық лиганың күнтізбесіне енгізілген және Халықаралық маусымның маңызды кезеңі болып табылады. Қазақстандық спортшылардың бұл жарыстардағы нәтижесі халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екендігін тағы да дәлелдейді.
Айта кетелік «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» жаңа директоры тағайындалған еді.