Қазақстандық спортшылар конкурдан FEI Әлем кубогы кезеңдерінде табысты өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM - Өзбекстан мен Қырғызстанда конкурдан FEI Еуразия лигасының Әлем кубогы кезеңдері аяқталды.

конкур
Фото: Дене шынықтыру және спорт істері комитеті

Халықаралық жарыстар қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен «Prestige Horse Club» спортшылары 18 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 5 күміс және 6 қола.

Әлем кубогының алғашқы екі кезеңі Өзбекстанда, үшінші кезеңі Бішкекте өтті.

Қазақстандық шабандоздар халықаралық бағыттарда, соның ішінде жарыстың ең беделді әрі басты сыны саналатын Grand Prix бағытында тұрақты түрде үздіктер қатарынан көрінді.

конкур
Фото: Дене шынықтыру және спорт істері комитеті

Маусымдағы басты нәтижелердің бірі – Олег Соколенконың Cinderella сәйгүлігімен 155 см биіктіктегі кедергілер қойылған Grand Prix маршрутында қола жүлде алуы болды. Бұл сында негізгі бәсеке Ресейдің конкур мектебінің өкілдері арасында өрбісе, Олег Соколенко көшбасшылар қатарындағы жалғыз қазақстандық спортшы атанды.

Grand Prix деңгейіндегі бағыттар 2026 жылы Аахенде өтетін FEI әлем чемпионатына, 2027 жылғы Еуропа чемпионатына және 2027 жылғы Әлем кубогының финалына жолдама беретін негізгі іріктеу жарыстары саналады. Қазіргі таңда Олег Соколенко мен Cinderella жұбы Grand Prix маршруттарының бірін айып ұпайынсыз аяқтап, минималды біліктілік нормативін (MER) орындау жолындағы күресті жалғастырып жатыр.

конкур
Фото: Дене шынықтыру және спорт істері комитеті

Әлем кубогы кезеңдерінде жоғары нәтиже көрсеткендердің қатарында Uran Nad Wigrami, Chevalier және Clue Gold аттарымен сынға түскен Раиса Соколенко да бар. Сонымен қатар клубтың өзге де спортшылары халықаралық бағыттарда жүлдегерлер қатарынан тұрақты көрінді.

Маусымның келесі маңызды кезеңі – 29-31 мамыр аралығында Астанада өтетін халықаралық жарыстар болмақ. Турнир Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) мен Еуразиялық ат спорты қауымдастығының (AEF) қолдауымен ұйымдастырылады.

Осыған дейін конкурдан Қазақстан құрамасы Ташкенттегі турнирде 3 алтын медаль жеңіп алғаны туралы жаздық.