Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстандық стартап криптоалаяқтарды ЖИ арқылы анықтауға көмектеседі

АСТАНА. KAZINFORM – Криптоәмияндағы күмәнді операцияларды бірнеше сағат емес, бірнеше минут ішінде анықтауға болады. Қазақстандық IT мамандары блокчейндегі транзакцияларды талдап, ақшаның қайдан келгенін және қайда кеткенін анықтайтын жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында IT сарапшы Ғалижан Толыбаев айтты.

мошенники
Фото: freepik

Маманның сөзінше, блокчейндегі заңсыз операцияларды анықтау бұған дейін де мүмкін болған. Алайда ол үшін арнайы білім мен тәжірибе қажет. Сондықтан сарапшылардың жұмысын жеңілдету үшін осы процесті жасанды интеллектке жүктеу идеясы пайда болған.

– Бұған дейін де блокчейндегі заңды және заңсыз операцияларды анықтауға болатын. Бірақ ол көп сараптаманы талап етті. Мұндай жұмыспен айналысатын адам көп білім жинауы керек. Біз өзіміз де блокчейн аналитика құралдарын саттық. Сол тәжірибеден кейін «неге мұны жасанды интеллектке бермеске?» деген ой келді. Адам ұзақ уақыт талдау жасағанда шаршауы мүмкін, кейбір нәрселерді байқамай қалуы ықтимал. Ал ЖИ үшін мұндай шектеу жоқ, – деді Ғалижан Толыбаев.

Оның айтуынша, жүйе криптоәмияндағы транзакциялардың бүкіл тарихын талдайды. Сарапшылар мен серіктестер жинаған заңсыз операцияларға қатысы бар криптоәмияндардың мекенжайларымен салыстырып, қаражаттың қозғалысын тексереді.

в
Фото: видеодан алынған скрин

– Қарапайым тілмен айтқанда, біз криптоәмиянды аламыз да, ондағы өткен барлық транзакцияны қараймыз. Қаражаттың қайдан келгенін, қайда кеткенін тексереміз. Бізде және серіктестерімізде заңсыз операцияларға қатысы бар криптоәмияндардың мекенжайлары бар. Солармен байланыс болған-болмағанын анықтаймыз, яғни ақшаның тазалығын тексереміз, – деді IT сарапшы.

Жүйе ақшаны жылыстатуға қатысты ықтимал схемаларды да талдайды. Мысалы қаражатты бірнеше ұсақ транзакцияға бөліп, кейін оны басқа мекенжайға жинау сияқты операциялар тексеріледі. Мұндай типологиялар сарапшылар тарапынан жүйеге енгізілген.
Ғалижан Толыбаевтың айтуынша, жасанды интеллект сарапшылардың жұмыс уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берген.

– Бұрын бір криптоәмиянды тексеруге сарапшыға бес-алты сағат кететін. Күрделі жағдайларда бұл бірнеше күнге созылуы мүмкін еді. Біз бұл уақытты бес-алты минутқа дейін қысқарттық. Мысалы бізге бір криптоәмиянды оның есірткіге қатысы бар-жоғын анықтау үшін берді. Жүйеміз қаражаттың қайда кеткенін тауып берді, – деді ол.

Маманның сөзінше, әзірленген технология құқық қорғау органдары мен қаржылық мониторинг саласында да сынақтан өтіп жатыр. Компания Қазақстанның ірі қалаларында ІІМ мен Қаржылық мониторинг агенттігіне пилоттық жобаларын таныстырған. Сонымен қатар цифрлық активтер саласын реттейтін АХҚО құрылымдарымен де бірлескен пилоттық жоба әзірленіп жатыр.

Жоба блокчейн аналитикасына негізделген. Блокчейннің ерекшелігі – ондағы транзакциялардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік бар. Осы ақпаратты талдау арқылы күмәнді операциялардың арасындағы байланыстарды анықтауға болады.

IT сарапшының айтуынша, қазақстандық стартап қазір халықаралық нарыққа шығуға дайындалып жатыр. Жоба Alchemist акселерациялық бағдарламасынан өтіп, АҚШ пен Еуропа нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отыр. Alchemist – технологиялық және B2B стартаптарды дамытуға бағытталған халықаралық акселератор.

Сонымен қатар компанияның Малайзияда өкілі бар. Ендігі мақсат – Малайзия мен Индонезия нарықтарына шығу.
Қазір стартапта он адамға дейін жұмыс істейді. Ғалижан Толыбаевтың айтуынша, шағын команда болғанына қарамастан, жобаның халықаралық нарыққа шығу әлеуеті жоғары.

Айта кетейік, бұған дейін, Қазақстан ғалымдары қазақ тілінде мәтін, сурет және аудионы түсінетін ЖИ моделін әзірлегенін жазған едік.